Абай облысында 5 жасар бала мұз астына түсіп кеткен
Оны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
Абай облысында мұз астына түсіп кеткен 5 жасар баланы іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін 12:54-те Үржар полиция бөлімінің «102» арнасына учаскелік полиция инспекторының хабарламасы түскен. Ол Таскескен ауылында балалардың бірі мұз астына түсіп кеткенін хабарлады.
5 жасар екі бала ауылдың шетіндегі Қарақол өзенінде толық қатпаған мұз үстінде ойнаған. Мұз жарылып, балалардың бірі оның астына түсіп кеткен. Осы сәтте екінші бала ересектерге көмек сұрауға жүгірді. Куәгерлер өздерінің учаскелік инспекторына қоңырау шалды. Ол дереу оқиға орнына барып, құтқарушыларды шақырды, – делінген хабарламада.
Баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Аймақтағы су қоймаларында мұздың қалыңдығы қазір 3 см-ге жетпейді.