Павлодар облысында 2 мыңнан астам жасөспірім асық атудан үйірмеге қатысып жүр

Айнұр Шошаева

Қалибек Қуанұлы асық атудың пайдасы туралы

фото: Halyq Uni

Павлодар облысында 2 мыңнан астам жасөспірім асық атудан үйірмеге қатысып жүр. Бұл туралы  Асық атудан Павлодар облысының командасының жаттықтырушысы Қалибек Қуанұлы айтып берді.

Қалибек Қуанұлы жылдың үздік жаттықтырушысы атанып, «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын иеленді. Жаттықтырушының айтуынша, өңірлік федерация жұмысын 2021 жылы бастаған.

Үш жылғы еңбектің арқасында павлодарлық спортшылар «Алтын тұғыр» иеленіп отыр. Зор жетістік. Қазір облыстың әр ауданындағы әрбір мектепте асық ату үйірмелері ашылған. Бүгінде 2 мыңнан астам жасөспірім үйірмеге тұрақты барып жүр, - деді ол.

Сондай-ақ жаттықтырушы асық атуды мектеп бағдарламасына енгізу керек деп есептейді. Себебі қазақтың ұлттық ойынында бала денсаулығына пайдалы жаттығулар көп.

«Асық ату мектеп бағдарламасына енуі керек деп есептеймін. Қазақ «баланы жастан» деп бекер айтпаған. Кішкентай кезінен асық атуды үйретіп, ұлттық құндылықты бойына сіңіру керек деп ойлаймын.

Асық атудың пайдасы көп. Әсіресе балаға көп нәрсені үйретеді. Біріншіден, шапшаңдығын шыңдап, ойлау қабілетін жақсартады. Сондай-ақ көздің қарашығына пайдалы – көру қабілетін дамытады. Тез ойланып, тез әрекет етуге үйрететіні өз алдына», - деп қосты жаттықтырушы.

Павлодарлық бапкер асық атудың ересек адамдар үшін де пайдалы екенін айтады.

Көпшілік асықты баланың ойыны деп ойлайды. Шын мәнінде оны тек балалар ғана емес, ересектер де ойнайды. Бүгінде облыста асық үйірмесіне келетін ересектер бар. Олай болуы заңды. Егде жастағы адамдар үшін де пайдалы, Жүру, ширақ қимылдау септігін тигізеді, - деді Қалибек Қуанұлы.

Айта кетелік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.

Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап кәсіпкер және меценат Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.

«Алтын тұғыр» салтанатты іс-шарасы «Amanat» партиясы, Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.