Шымкентте 74 жастағы ақсақал мен 72 жастағы ақбұрым үйленді
Зейнеткер әйел болашақ жұбайы сөз айтқанда шаңырақ көтеруге көп ойланбастан бірден келісе қойған
Шымкент қаласында 74 жастағы ақсақал мен 72 жастағы ақбұрым шаңырақ көтерді. Олар заңды некесін де қиып үлгерді, деп хабарлады otyrar.kz.
72 жастағы әйелдің аты-жөні – Найля Нұриева. Ол Ұзақ өмір сүру орталығында балдақтың көмегімен жүреді. Осы жерде зейнеткер өзінің өмірлік серігін тапты. Оның айтуынша, болашақ жұбайымен екі ай кездесіп жүрген. Содан кейін ер адам оған сөз айтып, үйленуге ұсыныс жасаған. Зейнет жасындағы әйел шаңырақ көтеруге көп ойланбастан бірден келісіп, некесін заңды түрде қиған. Қазір жұпқа орталықтан жеке бөлме берілген.
Біз екі ай кездесіп жүрдік. Кейін ол маған сөз айтты. Мен «иә» дедім. Некемізді де заңды түрде тіркедік. Мұнда бірге тұрамыз. Тіпті, бізге жеке бөлме де берілді. Бәріне алғыс айтамын. Бізде бәрі жақсы, бәрі бар, – деді 72 жастағы қалыңдық.
Порталдың хабарлауынша, жалпы қарттар үйінде тағы 4 жұп бар. Орталықта зейнеткерлерге қажетті барлық жағдай жасалған. Қариялар онда түрлі ем-дом алып, спорттық жаттығулар да жасайды.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, орталықтағы қарттардың жағдайын жасау мақсатында қалада үш белсенді орталық ашылған. Ол жерде мықты дәрігерлер, қызметкерлер қарияларға қызмет көрсетеді.
Ұзақ өмір сүру орталықтарында құжат тапсыру арқылы тегін ем-дом алуға болады. Сонымен қатар, мұнда ерекше жандармен жұмыс істейтін оңалту орталықтары да ашылған.