Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда АЭС 2035 жылы іске қосылуы мүмкін

АЭС жобасын қаржыландыру көзі әлі нақтыланып жатыр

 Дәурен Ерболат 21.12.2023 | 14:34
Қазақстанда АЭС 2035 жылы іске қосылуы мүмкін
көрнекі фото: Reuters

Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін 10-15 млрд доллар керек. Бұл туралы «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша 4 жоба қарастырылып жатыр.

«Құжаттар шамамен 5 жыл әзірленеді. Өйткені, бірінші кезеңде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге 1,5-2 жыл керек. Содан кейін Үкімет АЭС салу туралы оң шешім қабылдаса, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Оған да уақыт қажет. АЭС шашамен 5 жыл салынады. Яғни атом электр станциясын 2035 жылы іске қосамыз деп ойлаймыз», - деді басшы Астанада өткен «Бейбіт атом» республикалық семинарында.

Тимур Жантикин Қазақстанда АЭС салу үшін 2 орын қарастырылғанын жеткізді.

Әзірге тек бір орын қарастырылып жатыр. Іс жүзінде 2 орын қарастырылған: ШҚО және оңтүстікте. Оңтүстік Қазақстан энергожүйесінің шарты бойынша бұрынғы ГРЭС алаңының орны болып саналады. Содан кейін Алматы облысы Үлкен кенті таңдалды. Ол Балқаш көлінің іргесінде орналасқан, - деді бас директор.

Басшының пікірінше, атом энергетикасын дамыту үшін арнайы бағдарлама керек.

Еліміздің электр энергетикасын дамыту бағдарламасы мен бізге қанша атом блогы керек екеніне қатысты тұжырымдама әзірлеу керек. Сол бағдарламаны негізге алып, Қазақстанның электр энергетикасын дамыту бағдарламасы дайындалады. Бірақ бір станциямен тоқтап қалуға болмайды, - деді Тимур Жантикин.

Сондай-ақ бас директор АЭС салу үшін қанша қаржы керектігін айтты.

Бірінші станция 10-15 млрд доллар болады. Себебі, ол – алғашқы станция. Қазір қаржыландыру көзі пысықталып жатыр – негізінен халықаралық қаржы институттары. Жоба әзірге коммерциялық болып саналады. Мемлекет оған араласпайды. Тиісінше оның шарттары да бар, - деді басшы.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елімізде АЭС салу-салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу керек екенін айтты.

«Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды, - деді Тоқаев.

Президент Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескеріп, олардың күдігін түсінуге болатынын айтты.

«Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама