Мектептердегі орын тапшылығы 2026 жылға дейін толық шешіледі деп жоспарланған
Алматы мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі 2025 жылдың соңына дейін шешіледі. Бұл туралы қала әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Жыл сайын мектепке (1-сыныпқа) 12-15 мың бала қабылданады. 1 қыркүйекте 30 мыңнан аса орын тапшылығы болды. Алдағы екі жылда 22 мектеп салынса, 37 100 орын ашылады. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орын тапшылығы шамамен 3-4 мыңды құрайды. Оны жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа жаңа ғимарат салып, жолын табамыз. 2025 жылдың соңына дейін осы мәселені шешіледі деп жоспарланған, - деді Ерболат Досаев.
Бұған дейін Алматының Алатау ауданында 11 мың 500 орындық 6 мектеп пайда болатыны хабарланды. Мектеп құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іске асырылады. Айта кетсек, Алатау ауданы әлеуметтік-демографиялық тұрғыдан ең қарқынды дамып келе жатқан аудандардың қатарына жатады. Мегаполистегі 302 мың оқушының 55 мыңнан астамы Алатау ауданына тиесілі. Биыл 1-сыныпқа 6 мың 200 бала қабылданды. Бұл – қала бойынша ең жоғары көрсеткіш.