Қазақстандықтар жеке куәлігін курьер арқылы алуы мүмкін

Дәурен Ерболат

Мәселені Цифрлық даму және Ішкі істер министрлігі тағы да пысықтайды

көрнекі фото: Halyq Uni

Қазақстандықтарға жеке куәлігін курьер арқылы табыстау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жеке куәлікті (курьер арқылы алу – авт.) мәселесін қарастырып жатырмыз. Мұндай да мәселе бар. Біз қосымша қызметті қарастырғанда Ішкі істер министрлігімен талқылаймыз. Себебі, бұған қатысты ешқандай сұрақ туындамауы керек. Жеке куәлік – өте маңызды құжат. Мұны азаматтар да түсуіні керек. Мұнда адамның келісімін тіркеу керек, - деді Әсет Тұрысов Сенат кулуарында.

Айта кетейік, бүгін Сенатта «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі және дактилоскопиялық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлданды.