Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр
Қызылордада жастарға әскерден жалтаруға көмектесуге уәде берген алаяқ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше полицияға облыстың 52 жастағы тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, белгісіз азамат сеніміне кіріп, «ұлын армияға жібермейтіндей шешіп беремін» деп, 300 мың теңге көлеміндегі ақшасын алдап алған. Бірақ ол уәдесін орындамай, алған ақшасын да қайтармаған. Қазір жәбірленушінің ұлы әскерге шақырылып, Отан алдындағы әскери борышын өтеп жатыр.
Полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Ол 34 жастағы, еш жерде жұмыста жоқ, Қызылорда қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті УҰИ-ға қамалды. ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.