Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр
Жетісу облысында бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдікті қамауға алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полицейлер Үштөбе қаласының тұрғындарын бірнеше рет алаяқтық жолмен алдаған 37 жастағы күдікті ер адамды ұстады. Әзірге ұсталған азамат келтірілген залалдың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асатын үш алаяқтық іске қатысы бар деген күдікке ілінді.
Ұсталған азамат – көршілес Алматы облысының тұрғыны, ол Үштөбеде жұмыс істеген. Бір оқиғада ер адам жұмыс берушіден тірі анасын жерлеуге деп қаражат сұраған. Бір досынан соғымға деп жылқы алған, оны да төлемеген. Үшінші біреуден қолма-қол ақшаны емделу үшін қарызға алған. Қазір күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысының бар-жоғы анықталып жатыр, – деді Қаратал аудандық ПБ бастығының орынбасары Арман Сұлтанұлы.
Аудандық соттың санкциясымен күдікті ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес жүргізіліп жатыр.