Мұғалімдер конкурссыз жұмысқа орналастырылған
Қызылорда облысының прокуратурасы орта білім беру мекемелеріне тексеру жүргізіп, бірнеше заң бұзушылықты тіркеді.
Алғашқы тексеру кезінде мектептердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен өрт қауіпсіздігін сақтамағаны анықталды. Прокуратураның хабарлауынша, мектептерде 200-ден астам заң бұзушылық болған.
Кейбір мектепке жұмыс істемейтін бейнекамералар орнатылған. Соның кесірінен адамның жүріс-тұрысын бақылау мүмкін болмаған. Информатика сабақтарында оқушылар бақылаусыз қалып, ересектер мен құмар ойындарға арналған сайттарға еркін кіруге мүмкіндік берілген, – деп хабарлады Қызылорда облысының прокуратурасы.
26 мектепте мұғалімдер конкурссыз жұмысқа орналастырылған. Соттылығы бар және медициналық мекемелердің «Д» есебінде тұрған адамдар да жұмысқа кірген. Сонымен қатар, педагогтердің жалған дипломмен жұмысқа қабылданғаны анықталды.
Қазір осы жайттарға қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр.