Жол апаты: қаза тапқан екі оқушы республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысуға бара жатқан
Ақтөбе облысында екі оқушы мен бір педагог жол апатынан қаза тапты
Ақтөбе облысында Самара – Шымкент тасжолында жол апаты болып, екі оқушы мен бір педагог қаза тапқан. Қайғылы оқиға 19 желтоқсан сағат 08:45-те Ырғыз ауданында – Қызылжар ауылына жақын маңда болған.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғыз ауданында болған жол апатынан үш адам қайтыс болғанын, оның ішінде екі оқушы республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатқанын хабарлады.
Бұл - орны толмас қайғы. Өрімдей жас балалардың өмірін жалмаған жол-көлік оқиғасы елді дүр сілкіндірді. Өз тарапымнан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын.
Қазіргі таңда шұғыл түрде құрылған жұмыс тобы Ырғыз ауданына жолға шықты, олар оқиғаның мән-жайын анықтамақ. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек пен қолдау жан-жақты көрсетіледі.
Сондай-ақ, полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады. Бұл жазатайым оқиға менің жеке бақылауымда болады, - деп жазды облыс басшысы.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ақтөбе облысында жол апатынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғарып көңіл айтты. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, жол апатының мән-жайы анықталып жатыр. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау, оқушыларға тиісті психологиялық көмек көрсетілетіні хабарланды.