Алматыда ірі алаяқтыққа қатысы бар адам ұсталды
Одан әртүрлі адамның атына ашылған 14 банк картасы тәркіленді
Алматыда ірі алаяқтыққа қатысы бар адам ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қалалық ПД-ға алаяқтық туралы бірнеше хабарлама түскен. Жәбірленушілердің айтуынша, белгісіз біреу қаржылық интернет алаңында ақшаны криптоволютаға айналдырамын деген желеумен ірі көлемдегі ақшаны иемденген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің бірі ұсталды. Анықталғандай, жас жігіт алаяқтық жолмен алынған қаражатты қабылдап отырған. Ұстау кезінде күдіктіден 3 телефон, 8 SIM-карта және әртүрлі адамның атына ашылған 14 банк картасы тәркіленді. Осы дерек бойынша тергеушілер қылмыстық істі ҚР ҚК-нің 190-бабына сәйкес қарап жатыр, – деді Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Қазір полиция қызметкерлері алаяқтық әрекетке басқа да қатысушыларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.