Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді, - деді Ермек Маржықпаев
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев гимнастика федерациясының басшылығымен және жаттықтырушылар штабымен кездесу өткізді. Жиында көркем және спорттық гимнастика өкілдері биылғы жылды қорытындылап, Париж Олимпиадасына дайындық жоспарларын таныстырды, деп хабарлады ведомство.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, сары құрлық додасы алдындағы міндеттемелерін толық орындады. Яғни отандастарымыз 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Алдымен гимнастарға Азия ойындарында жақсы өнер көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Федерация басшылығы Қытайдағы жарыс алдында тек бір күміс жүлде алуды жоспарлағанымен, спортшыларымыз біз күткеннен де жақсы нәтижеге жетті. Азия аламанының қорытындысы бойынша гимнастар ел қоржынына үш медаль салды. Әрине, гимнастикада төрешілердің субъективті бағалауы жиі кездесетіні бәріне мәлім. Біздің спортшылардың бұдан да жақсы нәтиже көрсетуіне мүмкіндігі болған еді. Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Сондықтан халықаралық жарыстарда жұмыс істейтін отандық төрешілердің санын арттыру бойынша жұмысты күшейту қажет, - деді Ермек Маржықпаев.
Азия ойындарында спорттық гимнастикадан еліміздің ерлер құрамасы Қытайда 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алуды жоспарлағанымен, бір қола жүлде иеленді. Дегенмен ұлттық құрама өкілдері жекелей көпсайыста Олимпиада жолдамасын жеңіп алғанын айта кеткен жөн. Әйелдер құрамасы Ханчжоуда тұғырға көтеріле алмады.
Кездесу соңында министр спортшылардың, атап айтқанда, спорттық гимнастика бойынша ерлер мен әйелдер құрамасының дайындық жұмыстарын қайта қарауды тапсырды. Спорттың осы түріндегі ұлттық құрама өкілдерінің соңғы жылдардағы нәтижелері спортшыларды жаңа жүйе бойынша жаттықтыруды қажет етеді.