Сарқанда 5 жастағы баланы кім өлтіргені анықталды

Нұрдәулет Кенжебай

Бала туа біткен ақыл-ой кемістігімен ауырған

фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында мүгедектігі бар 4 жасар қызды анасы мен ағасы тұншықтырып өлтірген. 

«Осы жылдың 8 ақпанында күдікті әйел өзінің ағасымен бірге таксимен қызын алып келе жатып, жолдан түсіп қалған. Сол кезде ағасына туғаннан аурушаң және арнайы есепте тұрған баласын қарай алмайтынын, көргісі келмейтінін айтып оны өлтіру туралы ұсыныс жасаған. Келіспеген жағдайда өзіне-өзі қол жұмсайтынын жеткізген. Ағасы қарындасының сөзіне келісіп, баланы өлтіруге алдын ала сөз байласқан. Жас баланы өлтіру ойын іске асыру үшін қала сыртында орналасқан, бұрынғы зауыт маңындағы қоқыс төгетін жердің еңісіне қарай түсіп, дәрменсіз баланы жерге жатқызып қылқындырып өлтірген. Баланың бақилық болғанына көз жеткізіп, мәйітті жасырып, төбешіктің үстінде сырттай бақылап тұрған қарындасын алып, оқиға орнынан бой тасалағандары анықталды»,- делінген Сарқан аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Polisia.kz сайтының жазуынша, тергеу барысында полиция қызметкерлері баланың анасы мен оның ағасын бүлдіршіннің өліміне кінәлі деп тапты. Олар қызды тұншықтырып, денесін қаланың шетіндегі қоқысқа көміп тастағандарын мойындады.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 3-бөлігі бойынша жүріп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес күдіктілер мүлкін тәркілеумен немесе онсыз 20 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.