Шымкентте жарылыс болған дәріхананы қасақана жарған болуы мүмкін

Назерке Еркінбекқызы

Жарылыс болардан алдын дабыл қаққыш іске қосылған

фото: Шымкент қ. ТЖД

Шымкентте жарылыс болған дәріхананы қасақана жарған болуы мүмкін. Дәріхана заңгерінің болжамы осындай.

Заңгер Нұржан Пакеевтің айтуынша, жарылыс болған күні дәріхана жұмыс істемеген. Қайғылы оқиғадан 20-30 минут бұрын ғимаратқа бөтен біреу кірген. Содан кейін дабыл қаққыш іске қосылған. 

«Қазір бұл іс тергеліп жатыр. Бірақ, біз бұл жерге бөтен біреу кіріп, содан кейін жарылыс болды деп болжаймыз. Одан артық ештеңе айта алмаймыз», -дейді дәріхана заңгері.

Қазір бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. Өрт қауіпсіздігін сақтамау бойынша тергеу бастаған шымкенттік полицейлер, жарылыс газдың жиналуынан деп болжайды. Жарылыстан дәріхана маңындағы перзентханадан бөлек көпқабатты тұрғын үй де зақымданған. Тұрғын үйге келген залалды дәріхана иесі өтеп береміз деп отыр екен. 

«Жарылыс кезінде мен үйде болған жоқпын. Қызым үйдің ішінде, қалған екі балам далада ойнап жүрген. Сол жарылыстан 2-3 минут алдын балам гараждың төбесінде жүрген жерінен үйге қайтып бара жатыпты. Егер төбеде қалып кеткенінде, не боларын кім біледі? Құдай сақтап қалды. Ал, қызым қатты шошып қалды. Үйде терезенің бәрі сынып қалды. Әлі ес жинай алмай жүрміз», - дейді көпқабатты үйдің тұрғыны Пердебек Әбілдаев. 

Айта кетейік, 21 мамыр күні Шымкентте дәріхана жарылып, 3 адам қайтыс болған еді. Бірі құрылысшы, күзетші және 18 күндік сәби. Үшемнің бірі жарылысқа дейін шетінесе, екіншісі жарылыс кезінде жан тапсырған.