Жұбанов университетінің түлегі Америкада қазақ тілінен сабақ береді
Жас маман әзірше 4 тілді жетік меңгерген
Жұбанов университетінің түлегі Нұрсұлтан Асылов қазір Массачусетс штатындағы Массачусетс университетінде докторантурада оқи отырып, шетелдік студенттерге қазақ тілінен сабақ беріп жүр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, американдық студенттерге қазақ тілін үйретіп жүрген отандасымыз әлеуметтік желіде танымалдыққа ие болып жатыр. Ол бала күнінен шет тілдерін үйренуге қызығушылық танытқан.
15 жасымда «25 жасыма дейін көп тіл үйренемін» деп алдыма мақсат қойдым. Бүгінде ағылшын, түрік, қазақ және орыс тілдерін білемін және испан тілін үйреніп жүрмін. Мектеп бітіргеннен кейін Жұбанов университетіне шет тілдер факультетіне оқуға түстім. Мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 2019 жылы университет бітіргеннен кейін Назарбаев зияткерлік мектебінде, қазақ-түрік лицейінде мұғалім болып жұмыс істедім. Білім беру жүйесіне деген қызығушылығым одан әрі оқуға деген құлшынысымды арттырды. «Білім беру саласындағы көшбасшылық» бағдарламасы бойынша Назарбаев университетіне магистратураға түстім. Еуропадағы білім беру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, еліміздегі білім саласына қандай шетелдік инновациялық тәсілдерді қолдануға болатынын зерттегім келді, – деді Нұрсұлтан Асылов.
Ол шетелде білім алуды армандаған. Содан шетелдік 8 университетке оқуға құжат тапсырып, 2 университеттен шақырту алған. Соның бірі – Массачусетс штатының Амхерст қаласында орналасқан Массачусетс мемлекеттік зерттеу университеті. Қазір Нұрсұлтан Асылов «PhD in education» 5 жылдық бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Бұл – тілдер мен мәдениеттерге ерекше көңіл бөлінетін білім беру саласындағы докторантура. Ол шетелде білім алып қана қоймай, шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретеді.
Массачусетс университетінің лингвистика департаментінде жыл сайын еуропалық емес тілдерді оқыту бағдарламасы өткізіледі. Маған лингвистика факультетінің докторанттарына қазақ тілін үйрету ұсынылды. Мұнда Америка, Испания, Жапония және Қытайдан келген студенттер оқиды. Байқағаным, олар тілге ғылыми тұрғыдан қызығушылық танытады екен. Студенттерімнің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы сонша, дәрістерден кейін де қалып жалғастырамыз. Олардың ешқайсысы Қазақстанда болған емес, сондықтан сабақта студенттерді еліміздің мәдениетімен таныстырамын. Америкада шет тілдерін үйренудің ерекше тәсілі бар. Мәселен, жаңа тілді меңгеруде бұрынғы тілдік тәжірибелеріне сүйенеді, – деді ол.
Нұрсұлтан Асылов «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Оқуы аяқталған соң елге оралуды жоспарлап отыр. Әлеуметтік желілердегі парақшасында оқырмандарына ол Америкадағы өмірі туралы, жетістіктері мен сәтсіздіктері жайында қызықты контент ұсынады. Сонымен қатар шетелдік университетке түсуді армандайтын жастарға пайдалы кеңес береді.