Halyq Uni логотип
×

Жайылым азайған, көшені шаң басқан: Жамбылда ауылдан 300 метр жерде карьерлер қазылып жатыр

Карьер басшылығы тұрғындардың пікірімен келіспей отыр

 Ұлдана Жұбай 23.05.2022 | 18:41
Жайылым азайған, көшені шаң басқан: Жамбылда ауылдан 300 метр жерде карьерлер қазылып жатыр
фото: Halyq Uni

Жамбыл облысы, Бәйтерек ауылының тұрғындары ауыл маңында орналасқан үш бірдей карьердің қазылуына қарсы. Сөздерінше, жекеменшік карьерлер ауылға да, ауыл адамдарының өміріне де үлкен қауіп төндіруде. Карьердің қазылуына қарсы наразы топ біртіндеп жайылым жерінен айырылып жатқанын жеткізді. Halyq Uni компаниялардан жұмысын тоқтатуды талап еткен тұрғындардың шағымын біліп қайтты.

Ауыл жұрты айнала қазылған шағал тас шығаратын өндіріс орнының кесірінен күні-түні шаң жұтып жүр. Жел тұрса ауыл шаңның астында қалады екен. Терезесін қымтап отырмаса, шаң үй ішіне дейін кіріп, салдарынан тұрғындар түрлі аллергиялық ауруларға шалдығып жатыр екен.

«Халықтың денсаулығы, балалардың өмірі ойыншық болғаны ма? Болашағымызға балта шауып отыр ғой. Қазбаған жері қалмады. Кешке көшеге шығу мүмкін емес. Көк түтін. Ештеңе көрінбейді. Қашанғы шыдауға болады? Ауылдағы жасыл-желек те азайып барады. Карьер иелері сол аумақтағы талдарды түбімен кесіп тастаған. Қазылып жатқан аумақтың айналасы күл-қоқысқа толып, ауыл іші қоқыс полигонына айналды», - дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Бесбаев.

Айналып өтетін Аса өзенінің де арнасы бұзылып, ауыл маңына жақындай түскен. Болашақта Бәйтерек ауылын су шаып кету қаупі бар.

«Өндіріс орындары ешқандай талапқа сай келмейді. Ереже бойынша ауыл мен карьер арасында бірнеше шақырым ара қашықтық сақталуы керек. Қазір карьер мен ауылдың арасы небәрі 200-300 метрді құрайды. Осы мәселені көтеріп, жауаптылардың табалдырығын тоздырып келе жатқанымызға талай жыл болды. Мән беріп қараған ешкім жоқ. Аса өзенінің жағасын 100 метрге дейін қазып тастады. Малға жайылым қалмады. Бәрін қоршап алған. Бомба түскендей, жерді шұқыр қылып қазып жатыр», - дейді Берікбай Мелдебек есімді тағы бір ауыл тұрғыны.

Жергілікті тұрғындар мәселенің алдын алмаса, Бәйтерек ауылы «ажал апанына» айналу мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені шағал тас өндіретін карьердің көлемі күн сайын ұлғайып, табаны да тереңдей түсуде.

«Қазылған жерде пайда болған көлге балаларымыз батуы мүмкін, қазылған шұңқырларға көлік түсіп кетуі мүмкін» деп дабыл қаққан наразы карьерлердің жұмысын біржолата тоқтатуды сұрап отыр.

Ал карьер басшылығы тұрғындардың пікірімен келіспейді.

Бізге бұл жерді 25 жылға пайдалануға облыс әкімінің өзі рұқсат берген. 2008 жылдан бастап қазудамыз. Бізде құжаттардың бәрі бар. Қазу заңдылығы бойынша 12 мекеменің мөрі мен қолы қойылған. Ал ағаштарды аралап, қоқыстарды төккен біз емес, - дейді шағал тас шығаратын серіктестік директоры Орион Ким.

Ауыл тұрғындарының мәселесіне қатысты аудандық әкімдік пәрменсіз болып отыр. Олар кезінде рұқсатты өздері бермегенін айтып, бәрін облысқа сілтеп отыр.

«Келісімшарты, не болмаса лицензиясы болса Кодекс талаптарына сәйкес біз жерді беруге міндеттіміз. Бұл серіктестік алғаш рет карьер қазуға рұқсатты 2008 жылы алған. Екінші рет 2015 жылы алды. Ол кезде жайылым мәселесі қазіргідей күрделі болмаған. Қазір бұл мәселе өте күрделі», - дейді Жамбыл ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама