Әлемде тағы бір қауіпті індет тарап жатыр
Қазақстаннның денсаулық сақтау министрлігі елімізде маймылдардың шешек ауруына күдікті бірде-бір жағдай тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіледі. Шекарада аса қауіпті індеттерге күдікті науқасты қашықтан термометрия арқылы анықтау (алдын алу) бойынша іс-шаралар жүріп жатыр», – деді бас санитар дәрігер – денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.
Министрлік маймыл шешегі (monkeypoxes – MPXV) – сирек кездесетін жұқпалы ауру екенін атап өтті. Ол қызба, жалпы интоксикация және экзантеманың (қызару) пайда болуымен сипатталады. Індеттің инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін созылады. Адамдарда клиника жоғары қызба, дене сырқаттануы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналуымен сипатталады. Ауру ұзақтығы – 2-3 апта. Өздігінен емделуге бейім.
Сондай-ақ індеттің негізгі көзі жабайы жануарлар: приматтар мен кеміргіштер (тиіндер).
«Инфекция жұқтырған адамның қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен, сондай-ақ ауру жануардың етін қолдану арқылы да пайда болуы мүмкін», – дейді ведомство.