Абай облысының білім беру мекемелеріне жаңа автобустар берілді
Жаңа темір тұлпарлар америкалық үлгіде құрастырылған
Абай облысындағы білім ошақтарына жаңа автобустар берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Меткеп оқушыларын тасымалдауға арналған шағын автобустар кілті мектептерге Тәуелсіздік күніне орай табысталды. Оқушыларға 13 көлік сатып алынды. 9 шағын автобус және 4 автобус Семей қаласы, Бесқарағай, Абай, Жарма, Аягөз, Бородулиха аудандарына жол тартты.
Жаңа темір тұлпарлар америкалық үлгіде құрастырылған. Газель 13 жолаушыға, шағын автобустар 22 жолаушыға арналған. Автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, сөмкелерге арналған сөрелер және бейнекамералармен жабдықталған. Автобустардың есіктері ашық болған кезде автоматты түрде бұғатталады. Мемлекеттік және орыс тілінде айтылатын дыбыстық хабарламалар қосылған. Лизинг арқылы сатып алынған автобустар қосымша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіш құрылғылармен және 4 камерамен жабдықталған.
Айта кетсек, бұған дейін облыста жаңа автобустар алынбаған. Келесі жылы тағы 3 газель мен 2 автобус сатып алу жоспарланған.
Анықтама үшін: 4 шағын автобус және Семей қаласына арналған 1 автобус Шақаман жалпы білім беретін мектебіне, Талица жалпы білім беретін мектебіне, Бөкенші жалпы орта білім беретін мектебіне, А. Ибраев атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне, №44 жалпы орта білім беретін мектебіне беріледі. Бесқарағай ауданына арналған 3 шағын автобус және 1 автобус Мостик орта мектебі, Кіші Владимировка орта мектебі, Өндіріс орта мектебі, Глуховка орта мектебіне берілсе, 1 автобус Абай ауданындағы Қарауыл гимназиясына жеткізіледі. Жарма ауданындағы Балықтыкөл негізгі мектебіне 1 шағын автобус, Аягөз ауданындағы А. Қошкімбаева атындағы жалпы білім беретін орта мектебіне 1 шағын автобус, Бородулиха ауданындағы Н. Островский атындағы орта мектепке 1 автобус берілді.