Кісі өлтіру қылмыстарын ашуда алғашқы үш күн аса маңызды
Тәуелсіздіктің төл құрдасы ауыр қылмыстың бетін қалай ашқанын айтып берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
1991 жылдың 16 желтоқсан күні дүниеге келген полиция майоры Имамадинов бүгінде Ақтөбе облысы полиция департаментінде жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу бөлімін басқарады. Кісі өлтіру қылмыстарын ашумен шұғылданатын бұл бөлім биыл облыста болған кісі өлімінің бірін қалдырмай ашқан.
Біздің бөлімде нағыз кәсіби, ой-санасы ұшқыр және психологиялық даярлығы жоғары адамдар ғана қызмет етеді. Басқалары ұзаққа бармайды. Жас балалардың өлімімен, аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру, адамдардың қайғысымен бетпе-бет келе отырып, эмоцияға берілмеу, уақытпен санаспау, ауыр қылмысты ашқанша толық тыныстай алмағандай күй кешу – біздің қызметкерлерге тән қасиеттер. Қызметте эмоцияға берілуге жол жоқ. Себебі бұл қылмыс оқиғасының мән-жайын обьективті бағалауға кәсіби ойлауға кедергі келтіреді, – дейді Әділет Имамадинов.
Оның айтуынша, кез-келген тәжірибелі, тиісті дағдысы бар жедел уәкіл кісі өлтірушімен бетпе-бет келсе, өз интуициясымен оны жазбай тани алады: көзі мен сөзі, іс-қимылы, дене тілі т.б. оның қылмысын байқатады. Кәсіби интуициясы оны еш уақытта алдамаған.
Мысалы ауданда жедел уәкіл болып жүрген кезінде Әділет 4 жастағы баланың қазасы туралы хабарлама бойынша шыққан. Ата-анасы баланың сырқаттан қаза болғанын айтқанымен, олардың өзгеше эмоциясы мен іс-қимылдары полицейге күдік тудыра берген. Ол баланың жақындарының нұсқасын өз ойында бірден жоққа шығарып, оқиғаның мән-жайын жан-жақты зерделей бастаған.
Сараптама қорытындысы баланың басында соққыдан болған бір жарақаттың бар екенін берген. Бұл уақыт ішінде Имамадинов та қажетті дәлелдемелер жинап үлгеріп, нәтижесінде әкесі өз баласын ауласында абайсызда көлігімен қағып өлтіргені анықталған.
Қылмыскерлердің психологиясы әртүрлі. Бірде таңға таяу адамды өз пәтерінде пышақтап өлтіру дерегі бойынша оқиға орнына шықтық. Камера жазбаларын қарау барысында кісі өлімі болған кезден кейін 1 сағатқа жуық уақыт бойы жақын жерде қыдырып жүрген ашаң жүзді, өрімдей жігіт бізге бірден күмән тудыра қойған жоқ. Әдетте, кісі өлтіргеннен кейін қылмыскерлерлер оқиға орнынан бой тасалауға тырысады. Сондықтан, ол біздің күдіктілердің тізімінде ең соңғы адам болды. Барлық күдіктілерді тексеріп шыққаннан кейін, соңында кезек әлгі жас жігітке келді. Нәтижесінде жоғары білімді, педагог жігіттің пәтерді тонау үшін кісі өлтіргенін анықтадық. Бұл ретте, ол пәтерден қолды ететін де ешнәрсе таппаған, – дейді Ә.Имамадинов.
Майордың мол тәжірибесінде, ауыр қылмыстың мотивтері де әртүрлі кездескен: тіпті, бірге пәтер жалдап тұрған 2 жігіттің ыдыс-аяқ жуу мәселесі үшін жанжалдасып, бірі екіншісіне пышақ сұққан жағдай да болған.
Кісі өлтіру қылмыстарын ашуда алғашқы үш күн аса маңызды. Осы күндер ішінде күдіктіні шығарып үлгеру керек. Бұл – қылмыстың ашылуының кепілі. Жедел уәкіл үнемі ұшқыр ойлауы керек, бір қадам алда болып, басқалар байқамағанды байқауға, көрмегенді көре білуі тиіс, – деп тұжырымдайды ол.
Қызметке алғаш келген жылы шаруа қожалықтарын аралап, рейдтік жұмыс жүргізу кезінде Имамадинов қожалықтағы малшының қожайындарға білдірмей, өзіне көзімен ымдап, ишарамен бірнәрсе айтуға тырысқанын байқаған. Жас полицей, оны дереу оңаша алып кетіп сөйлескенде, қожалық иелерінің оған зорлық-зомбылық пен азаптаулар көрсетіп, қинап ұстап отырғанын анықтап, нәтижесінде оны құтқарып, 4 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқан.