Өскеменде қант алмақ болған тұрғындар 102 млн теңгесінен айырылды
Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды
Өскеменде қант алмақ болған тұрғындар 102 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өскемен қаласының №2 сотында ҚР ҚК-ның 190-б. 4-б. 2-т. бойынша алаяқ әйелге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотта анықталғандай, 2022 жылдың маусым және шілде аралығындағы қантты жеткізудегі уақытша үзілістерді пайдаланып, қолында өнімі және оларды сатып алудың нақты мүмкіндігі жоқ бола тұра, алаяқ әйел «Whats App» мессенджерінде өзінің абоненттің номерінің статусында нарықтық бағадан төмен 1 келісі 480 тенгеден 100% алдын ала төлем жасау шартымен қант сатылатындығы туралы ақпаратты жариялап, Өскемен қаласының 289 тұрғынынан ақша ұрлаған.
Сотталушының қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге жалпы 102 миллион теңгеге жуық залал келтірілген.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің жауаптарымен, банк анықтамаларымен, айғақ заттармен расталды. Жәбірленушілердің пікірін, келтірілген зиянның орнын толтыру шараларын қолданбауын ескере отырып, сот әйелді кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енді.