Halyq Uni логотип
×

Іле ауданында тұрғындар бір аптадан бері жылусыз отыр

Ауыл тұрғындары газға төлеген ақшаның ауаға кетіп жатқанын айтты

 Еркеғали Болатұлы 15.12.2023 | 14:44
Іле ауданында тұрғындар бір аптадан бері жылусыз отыр
коллаж: opennews.kz

Алматы облысы Іле ауданының тұрғындары газ қысымының төмендеуі салдарынан бір аптадан бері жылусыз отыр. Бұл туралы Almaty.tv телеарнасы хабарлады.

Қазір Іле ауданы Нұрғиса Тілендиев ауылының тұрғындары үйде сырт киіммен жүруге мәжбүр. Олар газ қысымы төмендеп, мүлде жылу бермейтінін айтып отыр.

Газдың түбіртегі келгенде уақытынан кешіктірмей төлейміз. Өткен айда 11 800 теңге төледім. Газ қысымы төмен, үй суық, бірақ төлейміз. Әйтпесе сөндіріп тастайды. Ал сөндіріп тастаса, 20-30 мың теңге төлемей, қайта қоспайды, – дейді ауыл тұрғыны Айдар Қашқынбаев.

Телеарна мәліметінше, жергілікті әкімдік ауылдың 96 пайызы газ құбыры желілеріне қосылғанын айтқан. Дегенмен ауыл тұрғындары есеп құралы тоқтаусыз айналып тұрғанын, бірақ газ қосылмайтынын, ақшаның ауаға кетіп жатқанын атап өтті.

Енді ауыл тұрғындары көк отынның тарифтік бағасын төмендетіп беруді талап етіп отыр. Себебі газдың қосылмауы салдарынан олар көмір алып, қосымша шығындануға мәжбүр. Ал жергілікті билік газға жауапты компанияға сеніп отырғанын алға тартқан. Олардың айтуынша, халық саны артқан сайын түсетін жүктеме көтерілген.

Ауылда 838 аула бар, соның ішінде 808 үйге жылу құбыры тартылған. 4 мыңға жуық халық бар. Бәрі жылусыз отыр деп айта алмаймын, – деді Қараой ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрлыбек Анықов.

Алайда газ құбырының орналасу картасын көрсеткен компания өкілі көпшілікті 10 күн ішінде бәрін шешетінін айтып, сендірген. Оның айтуынша, алыстан келген көк отынды ауылға кіргізу қиынға соққан.

Біз 11 шақырым газ трассасын аяқтадық. Қазір 1 шақырым ғана қалды. Чапаев, Жарқын, Жастар сынды өзге де ауылдарда газ қысымына қатысты мәселе туындап жатыр. Жобаны аяқтаймыз, мәселе шешіледі, – деді «Алматыгазсервис-Холдингі» директорлар кеңесінің төрағасы Василий Тен.

Телеарнаның хабарлауынша, бұл мәселе былтыр да болған. Ауылдағылар электр пешін сатып алып әлек. Ал электр пешін ала алмай отырғандар әзірге не істерін білмей дал.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама