Марқұмның артында 1 жасар баласы қалды
Атырау облысы Махамбет ауданының тумасы, 29 жастағы келіншек жүктіліктің 36-аптасында қайтыс болды. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әйел 5 желтоқсанда ауруханаға «жедел фарингит» диагнозымен түскен. Келесі күні жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Марқұмның артында 1 жасар баласы қалды.
Махамбет ауданында 6 желтоқсанда 29 жастағы жүкті әйелдің өлімі тіркелді. Қазір оның қайтыс болу себептері анықталып жатыр. Толыққанды ақпарат сараптама жасалып болған соң белгілі болады, – делінген хабарламада.
Осы жайтқа байланысты Махамбет ауданының полициясы Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі («Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша іс қозғады. Сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.