Жетісу облысында 100-ден астам адам бруцеллезге шалдыққан
Емдеу кешіктірілсе, адам мүгедек болып қалуы мүмкін
Жетісу өңірінде санитарлық дәрігерлер бруцеллез ауруын жұқтырған адамдардың саны күрт өскенін хабарлады.
Бруцеллез жұқтыру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 43,7 пайыз өсіп, қазірдің өзінде 116 адам ауруға шалдыққан. Ауруханаға жатқызылғандардың 27-сі – кәмелетке толмаған балалар.
Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал аудандары мен Текелі қаласында эпидемиялогиялық жағдай нашарлады. Бұл аудандарда аурудың тіркелу көрсеткіші облыстық көрсеткіштен 1,6-3,2 есе жоғары, - деді Жетісу облыстық СЭҚД басшысының орынбасары Индира Күнбасова.
Ведомство мамандары науқастардың басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын және бруцеллезді негізінен жануарлардан жұқтырғанын айтты.
Инфекцияның негізгі көзі – ауыл шаруашылығы жануарлары. Бұл инфекция қой, ешкі, сиыр, түйе, сондай-ақ шошқа мен иттен жұғады. Ағзаға инфекция сүт және жеткіліксіз деңгейде өңделген ет өнімдері арқылы түседі. Сонымен қатар ауру малды күту, жүнін қырқу, сою, терісін сыпыру, көбінесе жаңа туған қозыларды төлдеу кезеңінде тамақтандыру кезінде жеке гигиена ережелерін сақтамау да ауру жұқтыруға әкеледі, - деді санитарлық дәрігерлер.
Бруцеллезді емдеуден кейін оңалу мерзімі ұзаққа созылады. Егер емдеу кешіктірілсе, адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Сондықтан жануарларды күтіп-бағуға байланысты барлық жұмыс арнайы қорғаныш киімдерімен жүргізіліп, жеке гигиена ережелері сақталуы керек.