Ол орысша оқыған соң, ана тілінде сөйлесе алмадым дейді
BI Group компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев осы кезге дейін қазақ тілін білмегеніне ұялып жүргенін, сол себептен ана тілін үйреніп, Instagram-дағы парақшасында тек қана мемлекеттік тілде посттар жазатынын айтты.
Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
«Ал енді міне «Бісміллә» деп қазақ тілін үйренуді бастап кеттік. Екі апта болды. Мәтіндер қиындау, әдеби тілмен жазылған, әрине оңай емес.. Кейде сөз жетпей, ойымдағыны айта алмай, мұғаліммен күліп аламыз», - деді ол.
Сондай-ақ, ол туған жері мен өскен ортасында орыс ұлтының өкілдерімен араласқанын, соның кесірінен ана тілін білмей, сөйлесе алмай жатқанын жасырмады.
«Өзім Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы, Казнаковка ауылында туып, орыс мектебін бітіріп, орыстардың арасында өскенмін. Достарым да, жан-жағымдағы адамдар да бәрі орысша болды. Бірақ, қазақ тілін үйреніп, сөйлеуге деген ниет әрқашан болатын.
Ештен кеш жақсы дейді ғой. Әлі де кеш емес. 45 жасымда ағылшын тілін оқып үйрендім. Енді 50-ге таяп қалғанымда қазақ тілін үйренемін. Құдай қаласа еркін сөйлеп, қазақша посттар жазатын боламын», - деді кәсіпкер.
Оның жазбасына көп адам да пікір қалдырып жатыр. Соның ішінде «Қазақша пост шығарып жақсы жазасыз ғой, сізді қазақ тілін енді үйреніп жатырмын дегенге, таң қалып отырмын», «Сіз сияқты ағаларымыз ана тілін үйреніп алса, қазақ тіліның мәртебесі одан сайын өсе беретініне сенемін», «Сегіз қырлы, намысты, ұлтыңызға да, халқыңызға да деген көзқарасыңыз дұрыс азаматсыз, сондықтан тез үйреніп кетесіз», деген пікірлер жарияланған.