Ақкөл, Аққұм, Торғай, Ахмет Байтұрсынов ауылы: белгиялық қазақ баланың анасы табылғалы тұр

Еркеғали Болатұлы

Кеше Мұратқа қатысты тағы да бөлек архивтік құжаттарға қол жеткіздік, - деді Қымбат Досжан

фото: facebook.com/janibek.saveliev

Еуропалықтар асырап алған қазақ баласы ЭддиЖан бір апта бұрын Қазақстанға биологиялық ата-анасын іздеп келіп, көмек сұраған болатын.

Белгілі тележүргізуші Қымбат Досжан ЭддиЖанға «Қазақ радиосындағы» «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы арқылы көмектесіп, оның анасы туралы тың деректер табылғанын мәлімдеді.

«Бармысың, бауырым?» хабарының кезекті санында Бельгиядан келіп, ата-атасын іздеп жүрген ЭддиЖанға (құжат бойынша аты-жөні – Мұрат Севальев) байланысты тың деректер ұсынылды.

Кеше Мұратқа қатысты тағы да бөлек архивтік құжаттарға қол жеткіздік. 13 парақтан тұратын құжатты алдық. Арқалықта жүрген Мұрат сол құжаттардың көшірмесін алды. Оның анасы Арқалық перзентханасына 2002 жылы 17 қаңтарда түскен. 21 қаңтарда кешкі сағат 22:00-ге дейін үйге барып келейінші деп перзентхана дәрігеріне қолхат қалдырады. Баладан бас тартпаған. Қайтып келемін деген. Осы ретте көп көмек көрсеткен Арқалық перзентханасының басшылығына алғыс білідерміз, - деді Қымбат Досжан.

Бұған дейінгі архивтік құжаттарда келіншек Аққұмнан деп шықса, кеше алған ақпарат бойынша Ақкөл ауылына қарай ауысты.

«Назар аударыңыздар, әсіресе, Арқалық, Ақкөл, Аққұм, Торғай, Ахмет Байтұрсынов ауылының халқы! Сіздерге үлкен өтініш айтқалы отырмыз. Егер білетін мәліметтеріңіз болса, редактор Әсел Асқарқызына құпия түрде жазуға болады: +77075355383», - деді бағдарлама тілшілері.

Бір қызығы, қазір анасын іздеген баланың аты-жөні әртүрлі айтылып жүр. Ақын Серікзат Дүйсенғазин ол жөнінде өзінің Facebook-тегі парақшасына: «Бельгияда өскен баланың аты Мұрат па, Жәнібек пе? Ақпарат неге дұрыс берілмейді?» деп жазды. Сол сәтте аталған «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының редакторы Әсел Асқарқызы:

Құжат бойынша есімі – Жәнібек Мұратұлы Жұмағұлов. Бірақ бала осы күнге дейін өзін «Мұрат» деп таныстырып жүр. Эфирде де, сценарийде де Мұрат деп жазыңызшы деген – баланың үлкен өтініші. Бірақ эфир барысында құжаттағы аты-жөні айтылды, - деп жауап берді.

Оның айтуынша, тіпті, бағдарлама өкілдерінің қолында баланың туған анасының толық аты-жөні де бар екен. Бірақ оны ешбір сценарий, сұхбатта айтқызбайды. «Ақпараттың алдында жауапкершілік, артында бір қазақтың тағдыры тұр», - деп түсіндірді себебін Әсел Асқарқызы.