Қосшы қаласында жедел жәрдем фельдшері жансақтау бөліміне түсті
28 жастағы жүргізуші қарсы жолға шығып кетіп, жедел жәрдем көлігін соққан
Ақмола облысының Қосшы қаласында жедел жәрдем көлігі «ГАЗель» көлігімен соқтығысты. Соның салдарынан 4 адам ауруханаға түскен. Фельдшер жансақтау бөлімінде жатыр.
Қосшы қаласы жолындағы жантүршігерлік жол апаты туралы тұрғындар хабарлады. Олардың айтуынша, жедел жәрдем көлігі көрші Қабанбай батыр ауылынан Астанаға қарай бара жатқан.
Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғады. Полиция департаментінің мәліметінше, апаттан зардап шеккендер бар.
Жол апаты Астана-Қабанбай батыр ауылы тас жолының 18-шақырымында болды. «ГАЗельдің» 28 жастағы жүргізушісі қарсы жолға шығып кетіп, жедел жәрдем көлігімен бетпе-бет соқтығысты, - деп мәлімдеді полицейлер.
Төрт адам елордадағы емханаға жатқызылды.
28 жастағы фельдшер қыз, 73 жастағы науқас және 2 жүргізуші ауыр жарақатпен Астанадағы №2 көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ал Қабанбай батыр ауылындағы дәрігерлік амбулатория 1995 жылы туған фельдшер Жанар Бектастың жансақтау бөлімінде жатқанын, оның комаға түскенін растады. Сондай-ақ жедел жәрдем жүргізушісіне ота жасалғаны белгілі болды.
Полицейлер Қылмыстық кодекстің 345-бабы («Жол қозғалысы ережелерін бұзу») бойынша тергеуді бастады. Сараптама жасалып жатыр.