Halyq Uni логотип
×

БҚО-да қытай кәмпиттерінен уланған балалардың біріне ота жасалды

Дүкен сатушысы күдікті өнімді дереу сөреден алып тастап, ешқандай ақпарат бермеген

 Еркеғали Болатұлы 14.12.2023 | 15:55
БҚО-да қытай кәмпиттерінен уланған балалардың біріне ота жасалды
фото: nvkz-tub.ru

БҚО-да балалар үзіліс кезінде азық-түлік дүкенінен қытайша жазуы бар тәттілер алып, уланып қалған. Бір оқушыға ота жасалды. Бұл туралы NewTimes.kz хабарлады.

Дүкеннен келгеннен кейін сабаққа кірген кезде олардың жағдайы нашарлай түскен. Іштері ауырып, диярея басталған.

Оқушылардың бірінің анасы бірнеше рет жедел жәрдем шақырып, кейін ауруханаға жеткізуге мәжбүр болған. Улану баланың жағдайын нашарлатқаны сонша, дәрігерлер оған ота жасаған.

Ата-аналардың айтуынша, балалар тұтынған тәттінің сыртқы қаптамасында қазақ, орыс тілінде ешқандай мәлімет болмаған. Тек қытайша ақпарат жазылған. Ал дүкен сатушысы күдікті өнімді дереу сөреден алып тастап, ешқандай ақпарат бермеген.

Зардап шеккен балалар оқитын мектептің медицина қызметкері тәтті қаптамасындағы қытайша жазуды аударып көрді. Олар өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін және құрамында қауіпті ингредиенттер бар екенін ғана түсінген.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, бұл мәселеге қатысты өтініш болмағандықтан, сауда нүктесін тексеру жүргізілмеген және зерттеу үшін өнім үлгілері тәркіленбеген.

Ведомстводағылар өтінішті жәбірленушілер немесе олардың заңды өкілдері (ата-аналар) жазуға тиіс екенін түсіндірді.

Қазір балалардың жағдайы қалыпқа келіп, ота жасалған бала жалпы палатаға ауыстырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама