Олардың арасында үшемдер де бар
Биыл Алматыда 217 егіз дүниеге келді. Олардың арасында үшемдер де бар. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.
Алматыдағы аудандық АХАЖ бөлімдерінің мәліметіне қарағанда, биыл Бостандық ауданында 39 егіз, Түрксіб ауданында 38 және Алатау ауданында 31 егіз туған. Одан кейін тізімді 31 егізбен Алатау, 30 егізбен Медеу ауданы, 29 егізбен Алмалы ауданы жалғастырған. Тізімнің соңын 28 егізбен Әуезов, 13 егізбен Жетісу, 8 егіз, 1 үшеммен Наурызбай ауданы аяқтап тұр.
Бұл – өте қуанарлық жағдай. Елімізде халық санының өсіп жатқаны – жақсы құбылыс. Талай нәубетті басынан өткеріп, өсу қарқыны бәсеңсіп қалған халқымыз биыл 20 миллиондық межеге жетіп, қуантып отыр. Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайына аса мән беріліп, аналардың да алаңсыз балалы болуына жағдайлар қарастырылып жатыр. Босанғанға дейінгі, босанғаннан кейінгі жәрдемақылары өсті. Әрбір бала туғанда берілетін жәрдемақылар да жыл сайын өсіп отыр. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер проактивті және композитті нұсқаларға көшірілді. Аналар көп қызметті ХҚКО-ға келмей-ақ, онлайн алатын болды, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Фарида Бокижанова.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы жылдары елімізде егіз жігіттер мен егіз қыздардың қосылу жайттары да жиілеп келеді. Бұл жаман үрдіс емес. Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында егіз жігіттер егіз қыздарға үйленген оқиғалар кездеседі. Тіпті, Түркістан облысында 32 жыл бұрын егіз қыздарға үйленген егіз бауырлар тұрады. Олардың қай-қайсысы да өмірлеріне риза.
Әлемде 80 мыңға жуық егіз бар көрінеді. Ресми мәлімет бойынша жыл сайын әлемде 1,6 миллион егіз туады. Қазақстан егіздерді өмірге алып келуі жөнінен әлемде 48-орында. Дегенмен Қазақстанның әрбір қаласы мен ауылы жақсы көрсеткіш көрсетіп жатса, 48-орыннан жылжуымыз да ғажап емес.
Алматыда жаңа туған сәбилерге де ерекше есім беріп жатқандар бар. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АХАТ бөлімдерінің берген мәліметінше, алматылықтардың көпшілігі балаларына Ислам дініндегі есімдерді таңдаған. Олардың қатарында Мұхаммед, Аль-Мұхаммед, Ислам, Мұхаммедәли, Омар, Абдрахман, Фатима, Раяна, Кәусар, Айша, Медина, Ясина болса, көп кездесетін есімдер қатарында тарихи тұлғалар мен қайраткерлер есімдері де бар. Мәселен, Абылайхан, Қазбек, Әбілхайыр, Кенесары, Әлихан, Әміре, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт, Хан, Айғаным, Бөрте, Зере, Томирис және басқа да есімдер қойылған. Сонымен қатар бірқатар ата-ана Алдияр, Айсұлтан, Алинұр, Нұрали, Алияр, Аион, Айлин, Інжу , Маржан, Асылым, Марьям, София, Аяла сынды есімдерді де таңдаған.
Биыл қаңтар-қазан аралығында Алматы қаласында 29 560 бала дүниеге келді. Оның 15 251-і – ұл, 14 309-ы – қыз. Онің 216 жұбы – егіз, 1-еуі – үшем. Алматы қаласы үшін тамыз айы көп нәрестенің дүниеге келуімен ерекшеленді. Бұл айда 3 310 бала өмір есігін ашқан.