Елордада 23 жастағы жігіт концертке жалған билеттер сатқан
Олардың құны 10 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін болған
Астанада алаяқ жігіт тұрғындарға концерттің жалған билетін сатқан. Қазір Алматы ауданының полиция бөліміне соған алданған 8 азамат жүгініп отыр.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қызметкерлер Ақтөбе облысының 23 жастағы тұрғынын анықтады. Жігіт OLX хабарландыру қызметін пайдаланып, әйгілі әншінің концертіне билеттер сатқан. Олардың құны 10 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін болған. Сатып алушылар төлемдерді банктің мобильді қосымшасы арқылы жіберген. Сатушы билетті WhatsApp арқылы жіберуге уәде берген, - делінген хабарламада.
Алайда алданған азаматтар ақыры билеттерін алмағанын айтып, полицияға хабарласқан.
Қазір ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің елорда аумағында жасалған алаяқтықтың осыған ұқсас фактілеріне қатысының бар-жоғын тексеріледі.