Еліміздің астық егетін бірқатар өңірінде ылғал қоры жеткіліксіз
Арнайы тексеру жүргізілді
Қазгидромет 2022 жылғы көктемдегі топырақтағы ылғал қоры жайлы ақпарат берді.
15 сәуір мен 12 мамыр аралығында мамандар негізгі астық егетін аймақтарға көктемгі маршруттық тексеру жүргізді. Солайша келесі деректер анықталды:
- Топырақтың метрлік қабатында негізінен Батыс Қазақстан облысында ылғал жинақтаудың жеткіліксіз жағдайлары қалыптасты;
- Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір аумақтарында ылғалданудың жеткіліксіз жағдайлары атап өтілді.
Басқа өңірлерде метрлік қабатта негізінен қанағаттанарлық, оңтайлы ылғал қоры болды.
Қазір тамыр жүйесінің дамуы жүріп жатқан топырақтың егістік қабатында (0-20 см) негізінен ылғалдың жеткіліксіз қоры (ең аз далалық ылғал сыйымдылығының 50%-нан төмен) келесі жерлерде қалыптасты:
- Қарағанды облысы;
- Батыс Қазақстан облысының солтүстігі, солтүстік-шығысы;
- Қостанай облысы Денисов, Қарасу, Федоров, Қарабалық аудандарының жекелеген алқаптары;
- Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар, Қызылжар, Есіл аудандары, Айыртау, Мүсірепов, Аққайың аудандарының жекелеген алқаптары.
Синоптиктердің болжамынша, мамырдың үшінші онкүндігінде еліміздің батысы мен солтүстігінде жауын-шашын күтіледі. Маусымда елдің батыс жартысында көбінесе ыстық, ал жауын-шашын көпжылдық нормалардан төмен болады деп болжанып отыр. Маусымда Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Алматы облыстарының солтүстік-шығыс бөлігінде, елдің оңтүстігі және оңтүстік-шығысының таулы әрі тау-бөктерлі аумақтарында жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады.