Қорымдағы сақтардың пантеоны, түркі дәуіріндегі технологиялар жайлы
Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорымында 40-қа жуық қорған табылған. 25 ғасыр бұрынғы ол қорғандар бүгінде аспан астындағы ашық музейге айналған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы Қатон-Қарағай ауылынан 90 шақырым жерде орналасқан. Бұл жердегі ең алғашқы археологиялық экспедиция 1998 жылы белгілі ғалым Зейнолла Самашевтің бастамасымен жүргізілген. Содан бері жыл сайын қазба жұмыстарын Ә.Марғұлан атындағы археология институтының мамандары жүргізеді. 2014 жылы музей археологиялық лицензия алған, енді археологиялық жұмыстарды өздері де жүргізе алады. Музей ғимараты кітапхана және көрме залдарынан тұрады. Кітапхана қорында көркем шығармадан бөлек, мәдениет, қолданбалы өнер, тарих, археология туралы түрлі кітап бар. Әлібек Асқаров, Зейнолла Самашев, «Фолиант» баспасының басшысы Нұрлан Исабеков сияқты жеке демеушілердің берген кітаптарынан жиналған. Музей директоры Алмас Сарбасов бізге экскурсия жүргізіп, қорық аумағынан табылған әр қорым туралы әңгімелеп берді.
САҚ ДӘУІРІНДЕ КӨСЕМДЕРІН ҚАЛАЙ ЖЕРЛЕГЕН?
Берелдегі ежелгі обалар табылған жерді жергілікті халық «патшалар жазығы» деп атайды. Себебі табылған қорғандарда сақ заманындағы патша, көсемдері жерленген.
«Жай адамды бұлай жерлемейді. Демек олар сақ заманындағы көсем, патша, бір сөзбен айтсақ элита болған. Жердің астына 4,5-5 метр тереңдікте жерленген. Бұл жерлеу дәстүрі Пазырық мәдениеті деп аталады. Зайсан, Есіктен табылған «Алтын адамның» жерлеу мәдениетіне қарағанда басқаша. Пазырық мәдениетінде жерді өте терең қазады. Ол кезде дін жоқ, тәңіршілдікке жақын сенім болды. Мәйітті шірімейтіндей етіп сақтау үшін жерді терең қазған. Негізгі идеясы – көсемінің мәйіті бұзылмай, арғы дүниеде де өмір сүруі керек деген оймен, жанына жылқыларын қосып жерлеген. Қорғанның өзі бөлме сияқты, оны қима-таған деп атайды. Оның ішінде өте үлкен қарағай бөренесін ойып табыт жасаған», - деді ол.
БЕРЕЛДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ҚОРҒАННАН 13 ЖЫЛҚЫ ТАБЫЛҒАН
«Астында 7 жылқы жатты, оны түгелдей қайыңның қабығымен жауып, үсіне 6 жылқыны жатқызған. Жануарлардың бәрі ер-тоқымы, жүген, әбзелдерімен әшекейленген. Әшекейлерін ағаштан жасап, сыртын жұқа алтын фольгамен қаптап отырған. Көмген соң үстінен балықтың қабыршағы сияқты таспен қалаған. Бұл жерде тас термос шынысының рөлін атқарып келді: ішіндегі суықты сыртқа шығармайды, сырттағы жылуды өткізбейді. Жаңбыр жауса тастың арасымен өтіп, жерге сіңіп, мұз болып қата береді. Судың қатты өтетін жері қалың, ал өтпейтін жері жұқалап көмілген. Содан болар, 25 жыл бұрын қазғанда жылқылар бұзылмай, көмілген күйіндегі қалпында шықты. Тіпті жануардың еті мен асқазанындағы жеген шөбіне дейін сол күйі сақталыпты. Біздің заманымызға дейінгі 3-4 ғасырда жерленген, демек 2,5 мың жыл бойы жердің астында бұзылмай, сақталып қалған. Бұл өте үлкен технологияны білдіреді. Мәңгілік тоң қабатының арқасында бұзылмай сақталған қорым Алтай өлкесінен және біздің жерде табылды», - деп жалғастырды Алмас Сарбасов.
Зерттеушілер қорғаннан табылған жылқылардың түрлі тайпаға тиесілі болғанын айтқан. Оған ғылыми негіз де жоқ емес.
«Жылқылар сақталғанымен, патшаның мүрдесі шіріп кеткен. Көпшілік патша неге шіріп кетті деп сұрап жатады. Себебі, оның қорымын ұрылар тонаған. Қорымның сыртынан туннель қазып, патшаның үстіндегі алтындарын алып кеткен. Ал туннельден ауа кіріп, термобаланс бұзылып, нәтижесінде патшаның мәйіті шіріп кеткен. Жылқылардың асқазанынан табылған шөптерді зерттегенде, жануарлардың жан-жақтан келгені анықталды. Патшаға 13 тайпа бағынған, әрқайсысы бір-бір жылқыдан құрбандыққа әкелген болуы мүмкін. Тұяғы желінгенінен оның мініс ат екенін байқауға болады. Жылқылардың басына маска кигізген. Біреулер мүйіз болған ба деп сұрайды. Мүйізді қолдан жасаған, ол жерлеу дәстүріне арналған. Қорымнан табылған жылқының етін кесіп итке де беріп тексеріп көрді, еш мумияланбаған екен», - деді ол.
Музей директорының айтуынша, табыттан екі адамның сүйегі табылған, бірі – ер, екіншісі – әйел.
«Көпшілік күйеуі мен әйелі деп ойлайды. Генетикалық талдау екеуінің туыс екенін көрсетті. Археологтар шешесі мен баласы жерленген деп есептейді. Ер адам 36-40 жас аралығында болған, жаугершілік заман үшін егде жас саналады. Патшаның бас сүйегінен оған ота жасалғаны анықталды. Ғалымдардың пайымынша, ол ота кезінде өліп кеткен сияқты. Одан басқа қабырғасы, аяғы мен иық сүйектерінде сынып қайта біткен жерлері бар екен. Бас сүйегі сынғанына қарағанда шоқпар тиген немесе аттан құлаған болуы мүмкін. Емшілері тірі алып қалуы үшін басына ота жасаған сияқты. Себебі шашын тақырлап алып тастаған. Жерлегенде басына жылқының қылынан парик кигізген. Ол да табылды. Бұл 25 ғасыр бұрын ота жасау, парик жасау сияқты технология болғанын дәлелдейді», - деді тарихшы.
БЕРЕЛ СФИНКСІ, ҚАНАТТЫ ПЫРАҚ...
Адам мен жылқыдан бөлек, қорғаннан көптеген органикалық заттар табылды: шүберек, киіз, ағаш және т.б. Мәселен, киіз 70-80 жылда шіріп кетеді. Шүберек те солай. Бірақ ғасырлар бойы тоңның арқасында бұл заттардың біршамасы шірімей, сақталып қалған екен.
«Берелдің эмблемасы – патшаның асатаяғында бейнеленген құс тұмсықты, арыстан. Сол заманда фантастикалық жануарды ойлап шығарып, соған табынған. Мысалы, оны Египеттегі сфинкспен салыстыруға болады. Бірақ оның басы адамдыкі де, денесі арыстындыкі келеді. Сол заманда сондай мәдениет болды ма екен... Ер тоқымның жанынан кесте табылды, онда мүйізді, қанаты бар пырақ кестеленген. Қанатты пырақ біздің мемлекеттік рәміздерде бар. Бұл тек 1998 жылы табылды. Рәміздер бұл қорған табылмай тұрып жасалды, яғни бұл бейнелер біздің генетикалық кодымызда бар», - деп қосты ол.
Берелде одан басқа да обалар табылған, алайда онда тек бір адамнан жерленген, әрі жылқылардың саны да аз, деп қосты тарихшы. Сондай-ақ ол қорғанды жасау процессіне 2 жыл уақыт кеткенін айтты.
«Патша өлген соң Мұзтауға апарып көміп, қорған дайын болған соң әкеліп сонда жерлеген деген аңыз, болжамдар бар. Зейнолла ағамыз (Самашев) «Мына қорған екі рет қазылған сияқты. Алдымен патша өліп, біраз уақыттан соң шешесін жерлеген болуы мүмкін» деген ойын айтты. Ол логикаға келеді. Кез келген қорғанды қазсақ та, марқұмның жанынан екі құмыра мен қойдың сүйектері шығады. Ана дүниедегі ішіп жейтін тамағы деп бірге жерленген сияқты», - деді ол.
«ҚОРҒАНДАР ЕКІ РЕТ ТОНАЛҒАН»
Тарихшы қорғандардың көпшілігі тоналып кеткенін атап өтті. Тіпті, мамандар обалардың екі рет тоналғанын дәлелдеген.
«Біріншісі – сол адамды жерлеген заманда ұрланған. Оны жерлеуге қатысқандардың өздері тонаған деген болжам бар. Өйткені қорғандар үлкен, сыртынан қарап адамның қай жерде жатқанын ешкім білмейді. Сыртынан туннель қазып, табыттың орналасқан жерін дәл тапқан. Яғни жерлеуге қатысқан, ненің қай жерде жатқанын білетін адамдар ұрлаған. Екіншісі – 1700-1800 жж. орыстар қазақ даласына қоныстанып бастаған кезде тоналған. Бірақ олар «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп әр жерден қазып, ештеңе таба алмаған соң кете берген. Мысалы, 2016 жылы қазған бір қорғаннан әйел адамның сүйегі табылды. Оның табытын біраз сүйреп тастаған. Ұрылар кіріп, тартқан кезде бүктеліп қалған. Тағы бір қорғанда сүйектің жартысы табыттың ішінде, жартысы сыртында жатты. Қазақта моланы тонау деген жоқ. Алтай өңірінде ондай тіптен жоқ. Тіпті, қазба кезінде жергілікті Берел ауылдарының халқы келіп, «неге қазып жатсыңдар?» деп сұрап жатады. Кейде қорымнан алтын бұйым шығады. Оны тазаласаң, кейде оған 20-30 күн уақыт кетуі мүмкін. Ешкім алмайды, тиіспейді», - деді музей басшысы.
Сақ қорымдарынан қола қазан, айна, чекан, сүйектен жасалған жебенің ұштары, алтын мен күмістен жасалған бұйымдар табылған. Бұдан басқа тоң, киім, ер-тоқымның қалдықтары, жылқының үстіне жапқан қайың ағашының қабықтары музейде тұр. Бір қызығы кейбір шүберектің бояуы мен тігілген кестесі сол күйі сақталыпты.
«Қорымнан табылған жылқының үстіндегі әшекейде қошқар мүйіз бар. Оны сыртынан алтынмен қаптаған. Осыдан-ақ біздің арғы аталарымыз екенін аңғаруға болады. Патшаның былғары тонының қалдығы бар. Әйелдің табытынан ақық тасты алқа, қола айна шықты. Сондай-ақ әрбір қорымнан тәрелке сияқты тастан жасалған бұйым табылды. Археологтар бояу ұнтақтайтын тас ыдыс деп жазды. Бәлкім басқа мақсатта пайдаланды ма екен. Белгілісі, кез келген сақ патшасының жанынан құмыра мен бірге тұрады. Тура осындай жерлеу дәстүрі бізден 70 км жердегі Алтай өлкесінде Укок жазығынан табылған. Біраз жыл бұрын аталған өлкеден табылған Укок ханшайымы дәл солай жерленген екен», - деді тарихшы.
«ТҮРКІЛЕР БАРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНҒАН»
«Берелде сақтардан басқа 12-13 ғасыр бұрынғы түркілерің обалары бар. Олар көбінесе Бұқтырма өзенінің ар жақ беткейінде орналасқан. Соңғы жылдары ғалымдар сол қорымдарды зерттеуге басымдық беріп жатыр. Алмас Сарбасовтың айтуынша, түркілердің заманында қола бұйымдар азайып, темір көбейе бастаған. Бүгінде музейде тұрған қылыш, белбеудің айылбастары, ағаш түйме, тиек, садақтың оғының басындағы ысқырық, алтын сырға сол обалардан табылған. Бір қызығы ол кезде адамды жердің бетіне жақын жерлеген.
Берелден табылған құнды жәдігерлердің көбі Ұлттық музейге берілді. 2015 жылдан бері шыққандарды ешкімге бермейміз, өзіміздің музейде сақтаулы тұр. Соңғы жылдары көп шығып жатқан жоқ. Мысалы, биыл біз сақтарды қазған жоқпыз. Кейінгі ұрпаққа да бірдеңе қалдыру керек қой. Көбіне түркілердің қорымдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде олардың зираттары көп. «Алтай - түркілердің алтын бесігі» деп бекер айтылмайды. Мәселен, кішігірім қорғаннан жалғыз адам мен жылқы шықты. Кішкентай болған соң археологтар одан көп үміт күтпеген. Адамның заттары тоналып кеткен. Жылқыны тек марал мен бұланның сүйегінен жасалған әшекеймен көмкерген. Осындай 70-тен астам жәдігер табылды. Жер бетінде жылқыны сүйекпен әрлеп жерлеген жағдай әлі күнге дейін кездескен емес. Алтай өңіріндегі төрт елдің ішінде – Қазақстаннан басқа жерде табылмады. Көп алтыннан да бағалы зат. Шедевр. Сүйектен мұндай зат жасау – үлкен өнер», - деді Сарбасов.
Сондай-ақ сарапшы ол қорымдардан табылған шүберектен сол дәуірде тоқыма өнерінің дамығанын білуге болады деп есептейді. Табыттың өзі ағаш өңдеу өнері жақсы болғанын аңғартады. Темір өңдеп, бағалы тастан әшекей жасаған. Демек темір өңдесе, сол заманда шахталар жұмыс істеген, металлургия дамыған.
«БЕРЕЛГЕ ВИЗИТ-ОРТАЛЫҚ КЕРЕК»
Соңғы жылдары Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығына келушілер саны артқан.
«Біз тікелей министрлікке қараймыз. Облыстық музейлерден жағдайымыз жақсы деуге болады. Бірақ орналасқан жерін ескеру қажет. Мәселен, Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорық музейі қаланың ішінде орналасқан, жыл бойы келушілер үзілмейді. Бізде маусымдық жұмыс болғандықтан, кейде тоқырауға ұшырап жатамыз. Үкіметтен қазір визит-орталық салып беруін сұрап отырмыз. Көрме залы бар визит-орталық керек. 2017 жылдан бері көптеген қорықтарға визит-орталықтар салына бастады. Бізде салынбай қалған себебі – бұл жер ұлттық паркке тиесілі.
Біз оны жалға алып отырмыз. Ерекше қорғалатын аумақ болғандықтан, бұл жерге құрылыс салуға болмайды. Дәл осы 12 гектарды ерекше қорғалатын аумақтан шығарып тастауға болады. Сол жерді өз балансымызға алсақ, орталық салуға болар еді. Біз сұраймыз ғой, тек Астанадан қолдау тапса болды», - деді директор.
Айта кетейік, бұл музейге кіру ақысы осыдан 10 жыл бұрын бекітілген. Билет құны ересектер үшін 500 теңге, зейнеткерлер мен балалар үшін 200 теңгені құрайды.
Пандемиядан кейін келушілер көбейді. Қыста айына 1-2 адам ғана келетін шығар. Жаз бойы адам үзілмейді. Биыл жазда музейге 11 мыңға жуық адам келді. Билет құны 10 жыл бұрын бекітілген. Көтеру керек, бірақ оны жергілікті халық түсінбеуі мүмкін. Кейбір келушілер «осы жерде тұрып, неге музейді көру үшін ақша төлеуім керек?» дейді. Енді біреу келіп, «500 теңгеге бір қорап темекі де ала алмайсыз. Осыншама тарихты насихаттап, қорғап отырып неге арзан аласыңдар?» деп жатады, - деді Алмас Сарбасов.