×

Қарағанды облысында 5 адам бруцеллез жұқтырды

Дәрігерге дер кезінде қаралып, емделмесе, мүгедек болып қалуы да мүмкін

 Еркеғали Болатұлы 23.05.2022 | 14:05
фото: MICHAEL PROBST

Қарағанды облысының Шахтинск, Теміртау және Абай ауданында 5 адам бруцеллез жұқтырды. Бұл туралы Қарағанды облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шет, Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай және Осакаров аудандарында адамдар үшін бруцеллез қоздырғышының негізгі көзі саналатын ірі қара және ұсақ мал арасында бруцеллездің 391 жаңа эпизоотиялық ошағы анықталды, - делінген хабарламада.

Эпидемиологиялық тексеріс барысында адамдардың бруцеллезді сүт және сүт өнімдерін термиялық өңдеусіз тамаққа пайдалану және оларды жеке тұлғалардан сатып алу салдарынан жұқтырғаны анықталды. Сондай-ақ қорадағы малды күту кезінде санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталмауы және малды уақтылы зертханалық тексерістен өткізбеу бруцеллез жұқтыруға себеп болған.

Департаменттің мәліметінше, сыртқы ортадан алынған сынамаларда бруцеллез қоздырғышы 7,8 пайыз сүт өнімдерінен, 1,1 пайыз тезектен, 2,2 пайыз пішеннен, 1,1 пайыз жүннен анықталған.

Көп жағдайда онымен ауырған адамдар инфекцияның созылмалы түріне шалдығады. Егер дәрігерге дер кезінде қаралып, емделмесе, мүгедек болып қалуы да мүмкін. Сондықтан малдан қандай да бір ауру белгілері байқалса, дереу ветеринариялық қызметке жүгіну қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама