Жоба 2023 жылдың шілде айында жүзеге асырыла бастаған
Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Қазақстандағы этнос өкілдерінің тілдік капиталын дамыту және шетелдегі қандастарымызды оқыту әдістемелерін ұсыну арқылы қолдау мақсатында 6 оқу-әдістемелік құрал дайындап шығарды.
Атап айтқанда, Түрік тілді аудиторияға арналған қазақ тілі (А1), «Мажар тілділерге арналған қазақ тілі оқулығы», «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы», «Жетісу жеріне саяхат» т.б тіл үйренуге арналған еңбектер бар.
Бұл кітаптар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен, 2023 жылдың «Мемлекеттік және ана тілдерін оқыту бойынша оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, шығару және тарату» мемлекеттік тапсырмасын орындау аясында дайындалған.
Аталған оқулықтарға жеке тоқталар болсақ, Түрік тілді аудиторияға арналған қазақ тілі (А1) оқу құралы «Тіл-Қазына» ҰҒПО ғалымдары мен Түркиядағы қазақ-түрік ғалымдары бірлесіп жазған еңбек. Бауырлас Түркия елінде бүгінде 30-дан астам университеттер мен мәдени орталықтарда қазақ тілі арнайы пән немесе курс ретінде оқытылады. Қазақ тілі әр жерде түрлі оқулықтармен оқытылатыны және ол оқулықтардың жетіспейтіндігі де белгілі болды. Осы мәселені шешу мақсатында әзірленген құрал екі бауырлас елдің ортақ игілігіне айналары сөзсіз.
Түп тамыры қыпшақтар болып табылатын Мажарстанда да қазақ тілі мен мәдениетіне ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, бұл бағытта жұмыс істейтін түрлі ұйымдар, орталықтар мен тіл курстары бар. Осы елдің азаматтары мен қазақ диспорасына арналған «Мажар тілділерге арналған қазақ тілі оқулығы» қазақ және мажар тілдерінің фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктерін салғастыра талдай отырып, қазақ тілін үйренушілердің тілдік дағдыларын дамытады.
Ал «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы» - мектеп, ЖОО, тіл орталықтарында мемлекеттік тілді оқытуға арналған әдістемелік құрал. Жаттығулар жинағында қазақ халқының бірнеше ғасырлық тарихы бейнеленген фильмдер, телехикаялар жинақталып, тілді көркем фильмдер арқылы үйретеді. Осы жаттығуларды орындай отырып тіл үйренуші әсіресе тыңдалым, айтылым дағдыларын жетілдіреді.
«Жетісу жеріне саяхат» орта В1 деңгейіне арналған оқу құралының негізгі мақсаты – Жетісу жерінің көрнекті жерлері туралы нақты тақырыптардағы мәтіндер негізінде тіл үйренушілердің сөйлеу дағдыларын, лексикалық қорын жетілдіру, грамматикалық білімін тереңдету.
Жоба 2023 жылдың шілде айында жүзеге асырыла бастады. Тіл әлемі (https://tilalemi.kz/) порталында кітаптарға қойылатын талаптардың Ережесі жарияланып, сараптама комиссиясы отырысының қорытындысымен бірнеше оқу-әдістемелік өнім баспаға ұсынылды.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы келіп түскен өнімдерге қатысты «Қазір әдістеме бағытында ілгерлеу бар. Жаңа қадамдар жасалып, жаңа әдістемелік теорияның қаланып келе жатқандығын осы әдістемелік еңбектерден көре аламыз»,- деп пікір білдірді.