Halyq Uni логотип
×

Ұлттық қор – балаларға: Келесі жылы 200 мыңнан астам бала қаражатын пайдалана алады

Қазақстанда осы қаражаттан үмітті 7 миллионға жуық бала бар

 Ербол Тұрымбет 12.12.2023 | 16:32
Ұлттық қор – балаларға: Келесі жылы 200 мыңнан астам бала қаражатын пайдалана алады
коллаж: Halyq Uni

Кәмелетке толған бала Ұлттық қордың инвестициялық табысынан түсетін қаражатын тек оқу ақысын төлеуге және баспана сатып алуға пайдалана алады. Яғни, студент шағында ол қаражатты пәтер жалдауға және ем-домына жарата алмайды. Бұл туралы Қаржы министрлігі бюджеттік кредиттеу, ҚР ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов айтты.

Ведомство өкілінің айтуынша, ата-аналарға ешқандай есепшот ашудың керегі жоқ. Тек баланың ЖСН нөмірі болса жеткілікті. Ақшаның түсіп жатқанын сол ЖСН нөмірі арқылы БЖЗҚ немесе электронды үкімет порталында тексеріп отыра алады.

Мысалы, электронды үкімет порталында әркімнің жеке кабинеті бар. Сол жерде ата-аналар балаларының да мәліметін, өзінің денсаулық жағдайын, білім беру мен балабақшаға кезек секілді мәліметтерді көріп отырады. Мына қаражаттың балалардың есепшотына түсіп жатқаны да солай көрініп тұрады, - дейді ол.

Ал төлем жыл сайын доллар күйінде бір рет жасалып отырады. Министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде кәмелет жасқа толмаған, яғни осы қаражаттан үмітті 7 миллионға жуық бала бар. Соның ішінде 2024 жылы шамамен 200 мыңнан астам бала 18 жасқа толып, қаражатын рұқсат етілген тәртіп бойынша керегіне жарата алады.

Сондай-ақ, бала ҚР азаматтығынан айрылған жағдайда, оның төлем алу құқығы тоқтатылады. Ал басқа мемлекеттен келгендер немесе қандастар азаматтық алған сәттен бастап төлем алу құқығына ие болады.

Айбол Арынғазиновтың сөзінше, Ұлттық қор қаражатын пайдалану бойынша негізгі екі бағыт: білім беру және тұрғын үй жағдайын жақсарту ғана қарастырылып отыр. Бірақ ем-домға пайдалана алмайды.

Сондай-ақ, қаражат тек Ұлттық қорда тұрған кезінде ғана инвестицияланады. Ал бала кәмелетке толып, кәдеге жаратуды кейінге қалдырған жағдайда ол қаражат БЖЗҚ-ға аударылады. Бірақ зейнетақы қорына өткеннен кейін инвестициялық операциялар жасалмайды.

«Ал оқу ақысы бойынша бірнеше мүмкіндікті көздедік. Біріншіден, қазір білім беру жинақтау жүйесінде «келешек» деген депозит бар. Егер ата-аналар ерікті түрде сол депозитке қаражат жинайтын болса, соны ұлттық қордан берілетін қаражатпен біріктіріп, оқу ақысын төлеуге болады. Бірақ бір үйдің балалары бір-бірінің оқу ақысын төлей алмайды, ол тек сол адамның өзі үшін ғана жұмсалуы керек», - дейді Айбол Арынғазинов.

Департамент басшысы үй жағдайын жақсарту бойынша қаражатты өз атына ғана пайдалана алатынын айтты. Оған қоса, ережелер егжей-тегжейлі әзірленіп жатыр. Мысалы, «Отбасы банкте» есепшоттарды біріктіретін мүмкіндік болады. Яғни, бір үйдің балалары бірігіп баспана ала алады. Бірақ әке-шешесінің қарызын, ипотекасын жауып бере алмайды. Сайып келгенде, 18 жасқа толып, оқуға түскен студент қаражатты тек өз атына баспана сатып алатын жағдайда ғана пайдалана алады.

Қандай да бір әлеуметтік жағдайларға әсер етуді болжап отырғанымыз жоқ. Бұл жердегі негізгі мақсат, балаға бастапқы капитал ретінде беру. Кейін үлкен ортаға, еңбекке араласқаннан кейін ол қаражатты толықтырып, өзі қосып, әрі қарай баспана ала ма, оқуға жұмсай ма, өзі біледі, - дейді министрлік өкілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару туралы алғаш рет 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында айтқан еді.

Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Сөйтіп, 2023 жылғы 16 қарашада президент заңға қол қойды.

Заңды әзірлеу кезінде жыл сайынғы есептеу жүргізу үшін Ұлттық қордың өткен 18 жылдағы (2005-2022 ж.) кірістерінің орташа мөлшерін есепті жылға қарай пайдалану ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама