Жылыту маусымы: Әлихан Смайылов шенеуніктерге тағы ескерту жасады

Дәурен Ерболат

Елімізді аяз күшейіп, жылу беруде қиындықтар туындады

Әлихан Смайылов, фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің бірқатар қаласында жылу беруге қатысты туындаған қиындықты тез арада шешіп, мәселені бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет басшысының пікірінше, мәселенің ушығуына ауа райы себеп болған.

«Жалпы елімізде күн күрт суытып кетті. Осыған байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түсті. Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар болатыны мәлім.

Технологиялық ақауларға байланысты оқиғалар болып жатыр. Бірақ, жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды.

Әкімдіктер тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйенің жұмысын ерекше бақылауда ұстауы қажет. Апаттар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек.

Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде объективті әрі түсінікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе, жалған ақпарат тарап кетеді», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Премьер-министр төмендегі бірнеше мәселеге назар аударуды сұрап, шенеуніктерге тағы тапсырма жүктеді:

Біріншіден, Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері, өңір әкімдіктері және энергия объектілерінің иелері барлық жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.

Екіншіден, «Қазақстан темір жолы» және «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниялары бірінші кезекте жылу станциялары мен қазандықтарға отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет.

Үшіншіден, өңір әкімдіктері жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуі керек.

Жылыту маусымының тұрақты өтуі әрбір өңір әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс. Үйлестіру жұмыстары премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Васильевичке жүктелген, - деді үкімет басшысы.

Айта кетейік, Энергетика министрі неге бірқатар қалада жылу беруде ақау болғанын түсіндірді.

Сондай-ақ биыл жазда премьер-министр жылыту маусымына дайындықты күшейтіп, министрлерге шұғыл тапсырма жүктеген еді.