Энергетика министрі неге бірқатар қалада жылу беруде ақау болғанын түсіндірді

Дәурен Ерболат

Технологиялық ақау Теміртау, Екібастұз, Риддер қалаларындағы ЖЭО-ларда болды

фото: Halyq Uni

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан ЖЭО-ларында болған ақауға түсініктеме берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өткен аптадан бастап Қазақстанның бірқатар өңірінде аяз күшейіп, энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау байқалды. Технологиялық ақау Теміртау, Екібастұз, Риддер қалаларындағы ЖЭО-ларда болды. Аталған ЖЭО бойынша температуралық режим толық қалпына келтірілді.

Степногорск, Балқаш, Ақтау және Көкшетау қалаларындағы жылу желілеріндегі технологиялық ақау нормативтік мерзімде жойылды. Қазір барлық тұтынушы жылуға қосылған, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министрдің айутынша, электр қуатын тұтынудың максимумы 2024 жылдың қаңтарында 16,5 мың МВт өз генерациясы кезінде 17 мың МВт деңгейінде болады.

«Биыл жылыту маусымына жүйелі дайындық шеңберінде оператор бекіткен электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 8 энергоблокта, 40 қазандықта, 42 турбинада күрделі жөндеу аяқталды.

Соңғы кезеңдерде 2 энергоблокта, 9 қазандықта және 11 турбинада жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұдан басқа, 25,3 мың шақырым электр беру желілері, 564 қосалқы станция және 3,5 мың тарату пункті күрделі жөндеуден өтті.

Министрлік 2023 жылдың маусымынан бастап берілген өтінімдерге сәйкес 25 энергия өндіруші ұйымда электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифті түзетуді жүргізді. Бұл шара электр станцияларын жөндеуге 146,5 млрд теңге тартуға мүмкіндік берді», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Еске салайық, өткен аптада демалыс күндері Ақтау (Маңғыстау облысы), Риддер (ШҚО), Балқаш (Қарағанды облысы) және Теміртау (Қарағанды облысы), Көкшетау (Ақмола облысы), Бурабай (Ақмола облысы), Екібастұзда (Павлодар облысында) жылу беруге қатысты мәселе туындады.