Halyq Uni логотип
×

Астанада ер адам ауруханадан 900 мың теңгенің кабелін ұрлаған

Кабельді көліктің жүксалғышына тиеген күдіктіні аурухана күзетшісі байқаған

 Динара Амантай 12.12.2023 | 13:39
Астанада ер адам ауруханадан 900 мың теңгенің кабелін ұрлаған
Фото: Halyq Uni

Астанада ер адам қалалық ауруханадан электр кабелін ұрлап кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кабельді көліктің жүксалғышына тиеген күдікті ер адамды аурухана күзетшісі байқаған. Ұрлық түнгі уақытта болғандықтан, қызметкер полицияға хабарлағанда күдіктінің көлігінің түсін ғана байқағанын айтқан. Бейнебақылауды мұқият қарау барысында Алматы ауданының полиция қызметкерлері күзетшінің айтқан сипаттамасы бойынша автокөліктің ұқсастығын анықтаған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар 29 жастағы жергілікті тұрғынды анықтаған. Ер адамның аурухана аумағына электриктер қалдырған кабельді байқағаны анықталды. Ыңғайлы жағдайды пайдаланып, күдікті 80 метр кабельді алып кеткен. Осылайша, ол 900 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Ұрланған кабельді полиция қызметкерлері тәркілеп, қазір ер адам кінәсін мойындады. Ұрлық фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған адамның қала аумағында осындай қылмыстарға қатыстылығының бар-жоғы тексеріліп жатыр, – делінген хабарламада.

Елордалық полицейлер түрлі-түсті және қара металдарды, олардың сынықтары мен қалдықтарын өткізу және заңсыз айналым орындарына үнемі тексеру жүргізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама