Halyq Uni логотип
×

Жәнібек Әлімханұлы өзіне берілген көлікті менеджеріне сыйлады (ВИДЕО)

Qazaq style деген тек ұру мен құлату ғана емес. Дұрыс аға, дұрыс іні болу да қазақтың стилі, - деді боксшы

 Дастан Жұмабекұлы 11.12.2023 | 14:37
Жәнібек Әлімханұлы өзіне берілген көлікті менеджеріне сыйлады (ВИДЕО)
Фото: prosports.kz

Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде WBO және IBF тұжырымы бойынша екі чемпиондық белбеудің иегері Жәнібек Әлімханұлы кәсіпкер, меценат, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, TAS Group компаниялар тобының жетекшісі Дулат Тастекеевтің өзіне сыйлаған көлігін менеджері Берік Сұлтанға тарту етті.

Меценат боксшыны шаршы алаңға шақырып, жұрттың көзінше оған  Zeekr 001 автокөлігінің кілтін берген еді. Жәнібек Әлімханұлы болса, бұл сыйлықты өз қолымен алғанымен, кәсіпкерден рұқсат сұрап, көліктің кілтін өзімен бірге егіздің сыңарындай болып жүрген менеджері Берік Сұлтанға сыйлайтынын айтты.

Баршаңызды көргеніме қуаныштымын. Сіздердің қолдауларыңызды мұхиттың арғы жағынан сезінеміз. Сіздерге көп рахмет!  Дулат аға, сыйлығыңызға көп рахмет! Мен осы сәтті пайдалана отырып, өзімнің інілігімді, қазақылығымды жасағым келіп отыр. Біз Qazaq style-ді әлем тарихында қалдырамыз. Сол тарихты менімен бірге жасап жүрген Берік Сұлтан ағама осы көлікті сыйлағым келеді. Ол – менің ағам, менеджерім. Бұл кісі болмаса, біздің Qazaq style тарихы баяу жазылушы еді. Сондықтан осы кісіге рахмет! Ал мына темір тұлпар – өзіңіздікі, –  деді боксшы менеджеріне.

Одан әрі ол көпшілікке Qazaq style ұғымының мәні мен мағынасын айтып берді.

Qazaq style деген тек ұру мен құлату ғана емес. Дұрыс аға, дұрыс іні болу да қазақтың стилі. Бауырмалдықты, сыйластық пен құрметті насихаттау да қазақтың стилі. Қазақша, дәстүрлі ұстанымдармен өмір сүру де қазақтың стилі! – деді Жәнібек Әлімханұлы.

Осыдан кейін сөз алған Берік Сұлтан боксшының алдағы жекпе-жектерін айтты.

Алдымызды Чарло, Канело бар. Соларды құлатуды нәсіп етсін, – деді ол.

Еске сала кетсек, Алматыда өткен кешегі бокс кешінің басты жекпе-жегінде Жанқош Тұраров жапондық қарсыласы Акихиро Кондоны айқын басымдықпен ұтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама