Halyq Uni логотип
×

23 мамырдан бастап медициналық пойыздар қайтадан іске қосылады

Барлық облыстардағы 147 станция қамтылатын болады

 Динара Амантай 23.05.2022 | 11:32
23 мамырдан бастап медициналық пойыздар қайтадан іске қосылады
Фото: rail-news.kz

23 мамырдан бастап «Медициналық пойыз» жобасы біраз үзілістен кейін биыл қайта жанданбақ. Алматы-2 станциясынан аттанатын «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының құрамында білікті дәрігерлер мен мамандар тағы ел аралап, шалғай елді мекен тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. 142 станция мен бекетке аялдайтын «Жәрдем» пойызы 6 қарашада сапарын аяқтайды. Ал «Саламатты Қазақстан» пойызының сапары 20 маусымда Алматыдан басталып, 122 станция-бекетті аралай отырып 2 қарашада аяқталады.

Бұл пойыздардағы медициналық бригадалар құрамында терапевт, педиатр, гинеколог, xирург, кардиолог, стоматологтан бастап лор, окулист, маммолог, тағы басқа сирек дәрігер мамандар қызмет көрсететін болады. Пойыздар құрамындағы медициналық кабинеттер ең соңғы технология жетістіктеріне негізделген құрылғылармен жабдықталған, олардың қатарында ЭКГ, УДЗ аппараты, отоскопиялық құрылғы, гематологиялық және биоxимиялық анализатор, Мерлин ультрадыбыстық сканері, стоматологиялық құрылғылар, флюрограф, гастрофиброскоп және тағы басқа заманауи жабдықтар болады.

Аталмыш пойыздарда мейрамхана вагоны, дизель-генераторлық қондырғысы бар вагон қарастырылған. Төтенше жағдай кезінде мұндай қондырғы шағын елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз етеді. Төрт вагон медициналық көмек көрсету үшін жабдықталған. Екі вагон дәрігерлердің тұруына арналған. Вагондар кондиционерлермен, тоңазытқыштармен, теледидарлармен, душ кабиналарымен, биодәретханалармен жабдықталған, – деп мәлімдеді «ҚТЖ «ҰК» АҚ жанындағы әлеуметтік жобалар қорының директоры Ербол Кеңгірбаев.

Еске сала кетсек, «Медициналық пойыздар» жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясы жанындағы Әлеуметтік жобалар қорымен бірлесіп 2010 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама