Астанада полицейді ұрған ер адам қамауға алынды

Динара Амантай

Ол бұрын билік өкіліне күш қолданғаны үшін сотталған болып шықты

Фото: Halyq Uni

Елордалық полицейлер қызметтік міндеттерін орындау кезінде билік өкіліне күш көрсеткен 46 жастағы ер адамды қамауға алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, «102» арнасына түнде полицияға қала тұрғыны қоңырау шалып, белгісіз біреулердің тұрғын үй кешенінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, алкогольді ішімдік ішіп отырғанын хабарлаған. Қоңырау желісімен аталған мекенжайға шара қолдану үшін патрульдік полиция бөлімі жіберілді. Тәртіп сақшылары барған кезде ер адам өзін агрессивті ұстай бастаған және құжаттарды көрсетуді сұрағанда, ол сөзбен қорқытып, балағаттай бастаған.

Полицейлер ер адамды тәртіпке шақырған, бірақ ол дөрекі әрекетін жалғастырып, қарсылық көрсетумен полицейдің формасын бүлдіруге дейін барған. Артынша ол қызметкердің бетінен ұрған.

Ер адам полицияға жеткізілді.

 Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы («Билік өкіліне қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Оның бұрын билік өкіліне күш қолданғаны үшін сотталғаны анықталды, – делінген хабарламада.