Оқушылар 32 алтын, 32 күміс және 21 қола медаль жеңіп алды
Қазақстандық оқушылар Дүниежүзілік гимназиадада 85 медаль жеңіп үлгерді. Оның 32-і алтын, тағы 32-і күміс және 21-сы қола. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Еліміздің құрамасы 3-орынға тұрақтап, үздік үштікке енді. Турнир кестесінде алтын және күміс медальдар саны бойынша Қазақстан 3-орында, ал қола медаль саны бойынша 5-орында.
Жас отандастарымыз таеквондо, жүзу, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес, семсерлесу, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, садақ ату, бокс және әйелдер күресінен өткен жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.
Еске сала кетсек, қазақстандық білім алушылар мектеп оқушыларына арналған Дүниежүзілік гимназиадаға алғаш рет қатысып отыр.
Оқушыларымызды әлемдік олимпиададағы жеңістерімен және жоғары жетістіктерімен құттықтаймын. Ұстаздарыңызға, жаттықтырушыларыңыз бен ата-аналарыңызға алғыс айтамын, – деп жазды министр.
Бұған дейін қазақстандық оқушылардың алғашқы жеңістері туралы хабарлаған болатынбыз.