×

«Әр қазағым аман болсын!» - Иманғали Тасмағамбетов қайта сахнаға шықты (ВИДЕО)

«Домбыра - қазақтың асыл қазынасы, ең ардақты құндылықтың бірі», - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 23.05.2022 | 09:59
фото: www.facebook.com/serik.abasshakh

Алматыда «Домбыра-Дастан» балалар мен жасөспірімдер арасындағы бірінші республикалық домбырашылар байқауы мәресіне жетті.

Оның гала-концерті Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен залында өтті.

Байқаудың соңында бұрынғы Үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлеп, қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне, салт-дәстүрі мен тарихына қатысты ойларын айтты.

«Бүгінгі байқаудың ең басты міндетінің бірі – осы сабақтастықты үзбеу, жалғастыру. Міне, қарасақ, өз мәресіне жетіп отырған байқау нені көрсетті? Ең алдымен домбыраның құлағында ойнайтын жастарымыздың көптігін көрсетті. Бұл – қуантарлық жағдай. Олай болса, ең басты міндетіміз ұлы дәстүрімізді сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп, табыстау. Жас таланттарымыздың, жас күйшілеріміздің өнерлері үстем болғай! Әр домбыра ұстап жүрген қазағым аман болғай!

Домбыра - қазақтың асыл қазынасы, ең ардақты құндылықтың бірі. Алты мың тарихы бар ескі аспап. Сондықтан да бұрынғы заманнан бастап, әр қазақтың үйінің төрінде домбыра ілініп тұрған. Жай тұрмай, сол шаңырақтың ең болмаса бір баласы содан күй шерткен», - деді ол.

Иманғали Тасмағамбетов – 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың президент көмекшісі, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды. Ол Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім (Атырау облысы, Алматы, Астана) және төрт рет әртүрлі премьер-министрлердің орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы атқарған қызметі – Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама