Ауылдасын өлтірді деген күдікпен 43 жастағы жергілікті тұрғын қамауға алынды
22 мамыр кешкісін Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында жеке тұрғын үйдің ауласынан оқ тиген 35 жастағы ер адамның мәйіті табылды.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер ауылдасын өлтірді деген күдікпен 43 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Алдын ала анықталғандай, күдікті жәбірленушіні 16 калибрлі шолақ мылтықпен атып өлтірген.
Аталған жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодекснінiң 99-бабы бойынша (Адам өлтіру) тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, қаруы тәркіленген.
Куәгерлердің айтуынша, олар кішкентай балалардың көзінше оқ атқан. Ratel.kz сайтының хабарлауынша, оқиға салдарынан кішкентай балалардың бірі жарақат алғанға ұқсайды.
Марқұм мен ұсталған күдікті соңғы жылдары азаматтық белсенді ретінде танылып, ауыл тұрғындарының мәселелерін айтып, жергілікті шаруаларға жайылымдық жер бөлуді талап етіп жүрген.