Кәсіпкерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 100 мың теңгеден асты
Бір ай ішінде дүкеннен 13 рет ішімдік ұрлаған Хромтау тұрғыны ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінң мәліметінше, 29 жастағы жігіт бір ай ішінде Хромтау қаласында орналасқан супермаркеттердің біріне 13 рет келіп, әрқайсысында 1 бөтелке алкоголь өнімін жасырын жымқырып отырған. Дүкен сөресіне қойылған бөтелкелердің ішінде оны құны 8 мың және 9 мың теңге болатын виски өнімдері ғана қызықтырған. Қарашаның басында супермаркетке келген азамат сөреден 1 бөтелке алкоголь өнімін алып, күртесінің ішіне салып, жасырын алып шыққан. Мұны ешкімнің байқамағанын білгеннен кейін ол ертеңіне дәл сол жерге тағы келіп, осы заңсыз әрекетін қайталаған.
Осыдан кейін жігіт мұны әдетке айналдырған. Тіпті бір күнде екі рет: түске дейін және түстен кейін келіп, әрқайсысында 0,5 немесе 0,7 литрлік бір бөтелке вискиді тегін әкетіп отырған.
Бұл туралы полицияға желтоқсанның басында 43 жастағы кәсіпкер арызданды. Ұрланған алкоголь өнімдерінің салдарынан кәсіпкерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 100 мың теңгеден асқан.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу және бейнекамералардың жазбаларын зерделеу барысында полицейлер хромтаулық күдіктіні анықтап, ұстады. Ол ұрлаған алкогольдік өнімдердің барлығын ішіп тауысқанын жеткізді. Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 187-бабымен қозғалған қылмыстық іс шеңберінде тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.