×

Семейде учаскелік полицей кішкентай қызды мас адамнан құтқарып қалды (ВИДЕО)

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды

 Динара Амантай 08.12.2023 | 11:08
Фото: polisia.kz

Семейде учаскелік полицей кішкентай қызды мас адамнан құтқарып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тлшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға 7 желтоқсанда болған. Семей қаласында учаскелік полиция инспекторы Рымғали Жибраев көшеде шыққан қыздың дауысына дер кезінде ден қойды. Қыздың даусы шыққан жерге жеткен полицей ер адамның 11-12 жас аралығындағы қызды ұстап тұрғанын және үйдің кіреберісіне күшпен кіргізуге тырысып жатқанын көрген. Тәртіп сақшысы қызды мас адамның қолынан босатып, өз жағына тартып, оны қорғайтынын білдірді.

Анықталғандай, бала 6-сыныпта оқиды екен. Қарағайлы шағын ауданы үйлерінің бірінің жанынан өтіп бара жатқанда оған белгісіз ер адам пәтерге баруды ұсынған.

Жүргізілген медициналық куәландыруға сәйкес, ұсталған ер адам «орташа дәрежелі» мас күйінде болған. Учаскелік полиция инспекторы Рымғали Жибраевтың уақтылы әрекет етуінің арқасында бала зардап шеккен жоқ және ата-анасына тапсырылды.

Қазір ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Содан кейін процессуалдық шешім қабылданатын болады, – делінген хабарламада.

Абай облысы полиция департаменті ата-аналарды ерекше қырағылық танытуға және балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылдауға шақырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама