×

Қазақтың баласы Жәнібек анасын іздейді (ВИДЕО)

Тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтасам, соның өзі маған үлкен қуаныш, - дейді ол

 Дастан Жұмабекұлы 08.12.2023 | 09:35
Фото: facebook.com/janibek.saveliev

Әлеуметтік желіде шетелде тұратын Жәнібек есімді (қазіргі құжатында ЭддЖан, – ред.) жас жігіттің Қазақстанға келіп, анасын іздеп жатқаны туралы видео жарияланды. Видеоны Facebook-ке салған журналист Олжас Беркімбаевтың айтуынша, Жәнібек 2002 жылы 17 қаңтарда Арқалықта туған. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен.

Мына видеода ағылшынша сөйлеп, сіздерден көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек. Бірақ ол қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. Оның ұлты – қазақ. Туған анамның үшінші баласы болуым мүмкін дейді. Фламанд тілінде өскен ол қазақша не орысша білмейді. Есесіне ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті, – деді ол.

Сонымен бірге журналист видеоны анасын іздеп жүрген қазақ баласының рұқсатымен жариялап отырғанын, туған әке-шешесінен оған ештеңе керек емес екенін, тек анасының жүзін көріп, бір рет құшақтаса, соның өзі жас жігітке үлкен қуаныш сыйлайтынын жеткізді.

Оның айтуынша, Жәнібек 20 желтоқсанда Астанадан Испанияға ұшып кетеді. Соған дейін барша халықтан көмек күтіп отыр.

Қазақстан тым алыс. Енді қашан келерім белгісіз. Мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше, бәрі біртүрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен, – деп жазды Олжас Беркімбаев.

Жәнібек Facebook-те Jani Saveliev (Murat) деген атпен тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама