Өңірде эпидемиологиялық жағдай күрделі
Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, министрдің орынбасары өңірде 2 күн болады. Сапардың бірінші күні Жандос Бүркітбаев халықпен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Ол өңірде жақсы жаңалықтар барын атап өтті.
Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа дейін, ал Жамбыл облысында – 74,9 жасқа дейін ұлғайды. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы халқының жалпы өлімінің, оның ішінде онкологиялық аурулардан болатын өлімнің 5%-ға төмендеуі байқалды, - деді ол.
Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында 2023-2024 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілген.
Жамбыл облысында 3,1 млрд теңгеге 30 медициналық нысан салынып жатыр. Биылға жоспарланған 10 нысанның төртеуі пайдалануға берілді. Жылыбұлақ, Теріс, Ақкөз, Қайнар, Жиделі ауылдарында жаңа медициналық пункттер салынды.
Министрдің орынбасары бүгінде елімізде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайсыз екенін жеткізді.
Биыл 10 айда Жамбыл облысында жоспарлы түрде қызылшаға қарсы 39 471 бала вакцина алды. Бүгінде елімізде қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіліп жатыр, - деді Жандос Бүркітбаев.