Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі мүмкін – ғалымдардың уәжі
Республика толық UTC+5 уақыт белдеуіне өтуі ықтимал
Елімізде ғалымдар бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев мәселе ұзақ талқыланғанын жеткізді.
Ғалымдар, барлық министрлік және әкімдікпен бірігіп, есеп дайындалды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің алаңында ғалымдарды жинап, есепті бірнеше рет талқыладық. Соңғы рет Экономикалық зерттеулер институтында жиналдық. Осылайша, ғалымдар бұл мәселеге нүкте қойып, бір шешімді ұсынды. Ғалымдардың консенсусына сәйкес, экономика және адамның денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін ең дұрысы – бірыңғай уақыт белдеуіде болу, яғни табиға уақытқа жақын болу, - деді басшы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
«КӨПТЕГЕН ӨТІНІШ ТҮСТІ»
Комитет төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов ведомстворалық жұмыс тобы құрылғанын, қазақстандықтардың пікір ескерілгенін атап өтті.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі тек бүгін көтеріліп отырған жоқ. Әр өңірдегі қазақстандықтар өтініш жіберіп, осы мәселені ғалымдармен бірге қарастыруды сұрап, ұсыныс жасады. Ведомстворалық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына түрлі саланы зерттейтін ғалымдар, астрофизиктер, онкология ауруларын емдейтін дәрігерлер, биоритмді зерттейтін ғалымдар, белсенді азаматтар кірді, - деді ол.
«БАРЛЫҚ ДӘЛЕЛ ЖИНАЛДЫ»
Қолданбалы хронобиология маманы Болат Жолтайұлы Қазақстан толық UTC+5 уақыт белдеуіне көшуі керек деп санайды.
Біз сағат тілін алға қарай жылжытайын деп жатқан жоқпыз. Бұрынғы уақытты түзейін деп жатырмыз. Біз қайтарайын деп отырған UTC+5 уақыт белдеуі Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының табиғи белдеу уақыты деп айтуға болады. Өйткені, Шығыс Қазақстан UTC+6 сағат белдеуінің ең басында тұр. Барлық дәлел жиналды. 43 беттен тұратын есеп жобасы жасалды, - деді ғалым.
«ҒЫЛЫМИ КОНСЕНСУС БАР»
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл аталған мәселе неге бүгін талқыланып жатқанын түсіндірді.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі мәселесі бойынша медициналық зерттеу соңғы 10 жылда жасалды. 2017 жылы осы тақырыпты (Тәулік ритмін зерттеу туралы) зерттеген бір топ ғалым Нобель сыйлығын алды. Осыдан соң бүкіл әлем осыған баса назар аудара бастады. Неге бұл мәселені енді талқылап жатырмыз? Себебі, ғылыми консенсус соңғы уақытта пайда болды. Бұрын еліміз бірыңғай уақыт белдеуінде болған. Алайда 30 жыл уақытпен ойнап, ақыры Гринвич уақытынан 6 сағат айырмада қалып отырмыз. Бізге бұл мәселені шешу үшін қосымша қаражат керек емес, шығын да жоқ. Сондықтан бұл мәселені неге бүгін шешпеске?, - деді профессор.
БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ КӨШУ ПАЙДАЛЫ МА?
Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы UTC+5 уақыт белдеуіне көшу қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін айтты.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу нені көздейді? Түсіндірейін. Жаңа өзгеріс десинхроноздың болуына жол бермейді. Десинхроноз дегеніміз ғылыми термин. Бұл – биологиялық ырғақтың (ритм) бұзылуы. Оған шаршау, депрессия, ұйқысыздық, әртүрлі жүрек-қан тамыр аурулары себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ созылмалы түрде ұйқының қанбауы, созылмалы шаршау, созылмалы аурулардың объективті алғышарттарын қалыптасуына жол бермейді. Әр өңірдегі тұрғындардың бір-бірімен байланысы нығаяды, уақытты тиімді пайдаланады. Сонымен қатар бұл өзгеріс бизнес жүргізуге оң әсер етеді, трансшекаралық операцияларды үйлестіру жеңілдейді.
Қазір әлемдегі 175 мемлекет бірыңғай уақыт белдеуінде. Сондықтан мұндай шешім уақытында қабылданғалы отыр және ғалымдардың пікірімен сәйкес келеді», - деді Қуаныш Елікбаев
Оның сөзін орынбасары толықтырды.
«Бәріміз қоғамның мүшесіміз. Таңғы сағат 9-да жұмысқа барамыз. Ол уақытта дала қараңғы болып тұрады. Әрбіріміздің отбасымыз және балаларымыз бар. Олар мектепке барады. Балалар мен жасөспірімдердің ұйқысы қанбаса, олардың сабақ оқуға қабілеті қайдан болады? Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу осы жағынан тиімді. Өзгерістің басқада оң әсері бар. Мысалы, адамның денсаулығы жақсарса, бұл экономикаға да оң септігін тигізеді. Өңірлер арасында өзара байланыс артады. Еліміздің батысы басқа сағат белдеуінде, Астанамен салыстырғанда бір сағат айырмашылық бар. Өзгеріс болса, көліктер де бір уақытпен барып, бір уақытпен келеді», - деді Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов.
«САҒАТ ТІЛІН ШЕГЕРЕМІЗ»
Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің айтуынша, егер жаңа өзгерісті Үкімет қолдаса, солтүстік пен оңтүстік, орталық және шығыс өңірлер сағат тілін шегеруі керек.
Қазір Астана, Алматы және Шымкент қалалары, Қостанай облысы UTC+6 уақыт белдеуінде тұр. Олар (UTC+5 уақыт белдеуіне өтсе) сағат тілін артқа жылжытуы керек, ал батыс өңірлері сағат тілін өзгертпейді, - деді ғалым.
ҚАЗАҚСТАН ҚАШАН БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ КӨШУІ МҮМКІН?
Қуаныш Елікбаев бұл сұраққа Үкімет жауап беретінін жеткізді.
Мәселе – Үкіметтің құзыретінде. Соңғы шешімді қабылдау үшін Үкімет қаулысының тиісті жобасын дайындау керек. Заңға сәйкес Қаулы міндетті түрде «Ашық НҚА» порталында жарияланып, ашық талқылауға шығарылуға тиіс. Осылайша, әрбір қазақстандық мәселеге қатысты өз ұстанымын айта алады. Тек осыдан кейін Үкіметтің Қаулысы қабылдануы мүмкін. Шешім күшіне ену үшін шамамен 3 ай керек деп ойлаймыз. Себебі, барлық адамға және қызметке өзгерісті хабарлап, түсіндіру керек», - деп түйіндеді сөзін Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы.