×

Оралда 19 жылдан бері асфальт төсеуді сұрап келе жатқан тұрғындар көшеге шықты

Тұрғындармен кездесуге кент әкімі келмеді

 Халық үні 22.05.2022 | 22:06
Фото: Halyq Uni

Орал қаласының «Кең дала» және «Көктем» шағын ауданының жүз шақты тұрғыны жиналып, мәселелерін жергілікті билікке жеткізуге тырысты.

Орал қаласының әкімшілік-аумақтық бөлінісінде бірнеше кент бар. Соның ең ірісі - Зашаған кентінде тұрғын саны 57 мыңнан асты. Бұл кенттің өзі 13 шағынауданнан құралған. БАҚ-ты шақырып, пікірін білдіруге көшеге жиналған «Кең дала» және «Көктем» деген шағын аудандардың тұрғындары мұнда 2003 жылдан бастап қоныстанған. 

«Басты талап – көшелерге асфальт төсеу. Шағын аудан көшелерінің тек 30 пайызына асфальт төселген. Биыл екі көшеге ғана асфальт төселеді делінді. Бірақ әлі жобасы да дайын емес, биыл салынбайтыны анық. Қыста қарын күремейді, көктемде тегістелмейді. Кенттің бюджеті қайда кетіп жатқанын білмейміз. Соңғы алты жыл бойы Орал қаласының әкіміне хатты тұрақты жолдап келеміз. Қанша әкім ауысты, бәрінің ресми хатпен берген уәдесі қолымызда. Біздің шағын ауданнан кейін пайда болған Сарытау сияқты шағын аудан көшелерінің 70 пайызында асфальт бар. Көшелерге жарық орнату, қоқыс контейнерлерін қою мәселесі де өзекті. Балалардың ойын алаңқайы жоқ. Мемлекеттік балабақша тек біреу. Осындай мәселелер қордаланып қалды», - дейді көпшіліктің атынан сөйлегег Рухан Мадиярұлы есімді тұрғын.

Тұрғындардың бірі бұл шағын ауданда құжат бойынша асфальт төселген болуы мүмкін деген нұсқаны да алға тартты. Бұрын әкімдікке жол салуды сұрап барған қария: «Сіздің көшелерді жөндеуге ғана ақша бөлінуі мүмкін. Құжат бойынша асфальт тұр, қайтадан асфальт салу мәселесі қиындау» деген жауап естігенін айтады. Алайда әкімдік өкілі бұл ақпаратты растай алмады. 

«Зашағанда 13 шағын аудан, 2 елді мекен бар. Оларда 172 көше болса, 58-і ғана асфальтталған. Ұзындық өлшемімен айтсақ, 168 шақырымның 75-іне асфальт төселген. 2020-2021 жылдары 20 шақырым жол жөнделді. Нақты «Кең дала» мен «Көктемге» келсек, 22 көшенің 8-де асфальт бар. Баян сұлу және Жерұйық көшелеріне асфальт төсеуге жоба әзірленеді. Себебі бұл көшелермен автобус жүрмек. Кей көшелерге қиыршық тас-грави қоспасы төселген. Жолды жөндеу жұмыстарында солай жобаланған. Тұрғындар мұны түсінбей, қиыршық тас төсеп, асфальт төсеуді аяқтамай кетті деуі мүмкін», - дейді Зашаған кенті әкімінің орынбасары Асылжан Хайруллин. 

Әкім орынбасары кенттің бюджеті бір көшеге толық асфальт төсеуге де жетпейтінін айтты.

Тұрғындармен кездесуге кент әкімі келмеді, ол еңбек демалысында екен. Осы аптада кездесу жоспарланды. Тұрғындар «бұл жолы да құр уәде еститініміз анық» деп тарқасты. 

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама