Halyq Uni логотип
×

Қызылорда облысында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі қашан шешіледі?

Нұрлыбек Нәлібаев апатты жағдайда тұрған мектептердің проблемасына тоқталды

 Дәурен Ерболат 07.12.2023 | 17:29
Қызылорда облысында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі қашан шешіледі?
фото: ОКҚ

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі қашан толық шешілетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, қазір облыста 6 апатты, 6 үш ауысымды мектеп бар.

Биыл облыста 4 жаңа мектеп салдық. Оның екеуін пайдалануға бердік. Біреуі – Қызылорда қаласында, екіншісі – Шиелі ауданында. Жыл соңына дейін қалған 2 мектеп ел игілігіне беріледі. Бұл – 250 орынға арналған Қазалы ауданындағы білім ордасы. Екінші мектеп Жаңақорған ауданында болады: 350 орын. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен тиісті қаражатты бөліп, 4 мектепке жапсарлас 4 ғимарат салатын болдық. Бұл үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін істелді. Ол ғимараттардың құрылысы толық бітті. Осылайша, 1800 оқушыға орын пайда болды, - деді Нұрлыбек Нәлібаев ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімінің пікірінше, мұндай құрылысты салу өте тиімді. 

«Біріншіден, бір мектептің жанынан 600 орындық ғимарат салынды делік. Оған облыстық бюджеттен 700 млн теңге жұмсалды. Енді біз 600 оқушыға арналған жаңа мектепті салатын болсақ, шамамен 3 млрд теңге керек. 

Екіншіден, қазір барлық облыс орталығында жер тапшы. Бұл ғимараттарды мектептің жанынан салу балаларға және ата-аналарға ыңғайлы болады. Жалпы үш ауысымды мектептердің мәселесін білім ордаларының жанынан жаңа ғимарат салу арқылы шешеміз», - деді ол.

Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев апатты жағдайда тұрған мектептердің проблемасына тоқталды.

«Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Қазір 10 мектептің құрылысы басталды. 2024 жылы 11 мектепті салуды бастаймыз. Нәтижесінде 2025 жылы өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешіледі», - деді өңір басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама